"Косаревке ұйқысын қандыру үшін 900 000 теңге төлейміз бе?". Желі қолданушылары ұйықтаған депутат туралы

/image/2020/01/31/crop--2_312_543x724_whatsapp-image-2020-01-31-at-13.06.03.jpeg

Әлеуметтік желіде мәжіліс үйіндегі кезекті отырыстардың бірінде Қазақстандағы ең егде депутат 82 жастағы Владислав Косаревтің ұйықтап отырған видеосы таралып жатыр. Ол құлағының түбінде микрофонмен сөйлеп тұрған әріптесінің даусынан да оянар емес.

Бұрынғы депутат, экономист-ғалым Оразалы Сәбден "Косаревтің ұйқысы депутаттардың ғана емес, биліктің де қалғып-мүлгіп жүргенін білдіреді" деген пікірде.

– Косаревтің ұйықтап кеткен көрінісі депуттаттардың ғана емес, биліктің де қазіргі кризиске қарсы лайықты деңгейде іс жасай алмай, қалғып-мүлгіп жүргенін білдіреді. Олар шынайы өмірден, халықтан алшақтап кеткен. Өздерінің қызметінің мәні халыққа қызмет қылу екенін формальді түрде жүргізетін сияқты. Әрине, депутаттардың барлығы ондай емес, ішінде кәсіби деңгейі де, біліктілігі де жоғары азаматтар бар екенін мен білем. Бірақ олардың іс қимылын, жасайын деген әрекетін қазіргі қалыптасқан әкімшілік-бюрократиялық жүйе жібермейді. Сол жүйеден олар шыға алмай отыр. Қазір ұйықтайтын уақыт емес.

2020 жыл – қиын жыл болады. Әлемдік дағдарыстың екінші толқыны келіп жатыр. Ол тек экономикалық кризис емес. Оның ішінде соғысы бар, экология, климаттың жылынуы бар, Қытайдағыдай эпидемиялар бар. Ресейге салынып жатқан санкциялар Қазақстанға тікелей әсер етеуде.

Биыл Конституциядан бастап, көптеген заңдар және жергілікті өзін-өзі басқару заңын қоса, мемлекетімізде саяси реформалар жүргізілетін жыл болуы керек. Сондықтан халқымыздың жағдайын, әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін көтеру үшін билік ұйықтамай жұмыс істеу керек, – дейді академик ғалым.

Академик президент Қ.Тоқаевқа осыдан біраз ай бұрын мемлекетті 5-тік спиральмен жаңаша басқару парадигмасын жібергенін айтты.

Публицист-журналист Марат Тоқашбаев депутаттар өздерін халық сайламағандықтан, қоғам алдында қандайда бір жауапкершілікті сезінбейді дегенді айтады.

– Бүгінгі парламент – халықтық сайлау жолыменен, тікелей сайлау жолымен сайланбаған парламент. Бұларды халық депутаты деп айтуға болмайды. Олар негізінен партия депутаттары. Олар сайланбайды, тағайындалады. Партиялық жүйемен сайлану кезінде Қазақстанда дауыс беруге құқылы 4-5 млн партияда жоқ азамат не өздерін өздері ұсына алмайды, не өздері біреуді ұсына алмайды. Яғни олардың құқықтары шектелген. Тіпті Кеңес одағы кезінде коммунистер мен партияда жоқтардың блогы деген болатын. Ал қазір партияда жоқ азаматтардың тобы 4-5 млн. Солардың құқығы қорғалмай отыр. Президент Тоқаев тұсында реформалар жасауға деген ынталар байқалып жүр ғой. Осы ретте сайлау жүйесін партиялық емес, мажоритарлық сайлау жүйесіне көшіру керек.

Ал Косаревтің маңызды жиында ұйықтап отыруы, іс жүзінде өте ұят нәрсе. Депутаттар өздерін халық сайламағандықтан, қоғам алдында қандайда бір жауапкершілікті сезінбейді. Олар халықпен кездескенде көзбояушылықпен айналысып, режимді ақтайтын сөздер айтады. Шын мәнінде халыққа қажетті мәселелерді көтере алмайды. Сондай-ақ Қазақстан екі палаталы емес, бір палаталы парламентке көшетін кез келді, – деп атап өтті журналист.

Депутаттың бұл қылығын әлеуметтік желі қолданушылары арасында сынап жазып жатқандар баршылық.

Мәселен белгілі ақын Аманжол Әлтай "мына суреттен бүгінгі парламентіміздің кейпін көруге болады екен" деп жазған.

"Құлағының түбінен серпіле сөйлеп жатса да сабаздың ұйқысы ашылар емес. Осындай бойкүйез көріністерді көріп, адам қорланады, налиды... Сексен үштегі шалдың етегінен айырылмай, ұлықтай берудің қандай саяси астары бар? Керек десеңіз, "Коммунистік партияны" жасанды түрде парламент мінбесіне шығарудың өзі үлкен қателік.

Өркениетке ұмылудың орнына құрдымға кеткен "Қызыл өкімет ұраншыларын" елдегі ең жоғарғы заң шығарушы билікке өмірлік депутат етуіміз прогрессивті мінез емес.

Біздің елде қазір Әлихан Бөкейханұлын насихаттаудан Косаревтің құрметі басым. Трагедиялық көрініс...

Абай налыған, сынаған "Өңкей қиқымнан" құтылмай, талантты жастарға жол ашпай, іс оңбайды!" деп жазған ақын.

Қамиша Есмұхамбетқызы деген желі қолданушысы "Бізге Косарев деген депутат неге керек? Ұйықтау үшін бе? Сонда не ұйқысын қандыру үшін мемлекет қаржысынан 900 000 теңге төлейміз бе? Үкімет амартизаторы отырған шалдардан қашан құтыламыз, Косарев деген депутат орнынан кетуін талап етемін!!" деген ол "Косаревты тексеру керек, ол үкіметтен зейнет ақы алуы мүмкін, сонымен қоса еңбек ақы алатыны анық, сондықтан қарны тоқ, уайымы жоқ. 65 жасқа толған депутттар жастарға жол беріп, орнын босатсын!!!" дейді Қамиша Есмұхамбетқызы.

Ал белгілі телепродюсер Серік Аббас-шах өзінің facebook-тегі парақшасында төмендегідей әзіл-шыны аралас жазба қалдырған:

 "Ауыл шопырының сұрағы:

48 жарым жастағы әріптесі қолын сермеп сөйлеп жатқанда, 83 жарым жастағы мәжіліскер В.Косарев не істеп отыр?

Жауап нұсқалары:

  1. Елдің жағдайын қатты ойлап отыр;
  2. Бір кісінің 80 жылдығында қандай сыйлық жасайтынын ойлап отыр;
  3. Келесі сайлаудан кейінгі тағдырын уайымдап отыр;
  4. Көз шырымын алып отыр;
  5. Мәжілістің жұмысына комедия сияқты күліп қарап отыр;
  6. Бірғаным Әйтимова туралы эротикалық түс көріп отыр;
  7. Жұмыссыз қалған Дархан Калетаевтың тағдырын уайымдап отыр;
  8. ”Коронавируспен” ауырып отыр;
  9. ”После восьмидесяти все одногодки - друзья”
  10. ...сіздің нұсқаңыз?"

 

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар