Алматы облысында коронавирус диагнозымен тағы 2 адам тіркелді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі
Белгілі болғандай, олар Алматы іргесіндегі Қарасай және Еңбекшіқазақ аудандарында анықталып, жалпы облыста вирус жұқтырғандар саны 6-ға жеткен.
Қатерлі індет жұқтырған науқастың біреуі - Қарасай ауданы, Кемертоған ауылында тұратын 41 жастағы әйел адам. Науқас қазір Қарасай аудандық инфекциялық ауруханасына жатқызылды.
Оған қоса онымен қарым-қатынаста болған 6 адам, соның ішінде, азаматшаның күйеуі мен 2020 жылы туған сәбиі карантинге алынды.
Екінші жағдай бойынша, 1960 жылы туған науқас ағайын-туысымен Өзбекстанға үйлену тойына шағын автобуспен барған. 14 адамның Өзбекстаннан Қазақстанға өтіп, Есік қаласына келгені туралы мәліметтерді Түркістан облысындағы санитарлық-эпидемиологиялық мамандар хабарлаған.
Тиісінше, жолаушылаған топ облысқа келген бетте провизорлық стационарға жатқызылған. Соның ішінде, 1960 жылы туған әйелден вирус анықталып, қазір ол Қарасай аудандық инфекциялық ауруханасына жатқызылып, онымен қарым-қатынаста болған өзгелері де карантинде алынған.
Пікір қалдыру