Байланыс операторлары төтенше жағдай кезеңінде өз абоненттеріне қазақстандық домендік аймақта орналасқан интернет-ресурстарға қосымша төлемсіз кіруге, тіпті телефон теңгерімінде қаражат жоқ болған жағдайда да қосылуға мүмкіндік беретін түрлі шешімдер мен тарифтік жоспарлар ұсынуда. Бұл туралы толығырақ азаматтар өз байланыс операторынан анықтай алады. Ел президентінің төтенше жағдай режимі кезеңінде қазақстандықтарға қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасын байланыс операторларының орындау барысы туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мамандары айтып берді.
Оқу орындарының қашықтан оқыту форматына көшуіне байланысты Интернетті тегін пайдаланудың маңызы зор. Еліміздің ірі байланыс операторлары, оның ішінде "Қазақтелеком" АҚ, "Транстелеком" АҚ, "Astel" АҚ, "Кар-Тел" ЖШС, "Кселл" АҚ, "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС бұдан бұрын ЖОО сайттарына, электрондық анықтамалық деректер базасына, онлайн-күнделік, электронды білім беру порталдарына және ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынған басқа да білім беру ресурстарына тегін қосылу мүмкіндігін ұсынған еді.
Сонымен қатар, https://www.coronavirus2020.kz/kz коронавирус туралы ресми интернет-ресурсын, https://egov.kz/cms/kk электрондық үкімет порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасын пайдалану кезінде трафик есептелмейді және мегабайт шегерілмейді.
Медицина қызметкерлеріне қолдау көрсету мақсатында "Кселл" АҚ, "Кар-Тел" және "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС коронавирус індетіне қарсы күресіп жатқан барлық дәрігерге тегін ұялы байланыс қызметін ұсынды. Республика бойынша 20 000-нан астам медицина қызметкері ТЖ кезінде ұялы байланыспен интернет пакетін тегін пайдалануда.
Азаматтардың эпидемиологиялық жағдайдан хабардар болуы үшін ұялы байланыс операторлары 1406 call-орталығына ұялы телефоннан тегін қоңырау шалу мүмкіндігін ұсынды. Азаматтар аталған орталыққа қоңырау шалу арқылы мамандардан қажетті дәрігерлік кеңес ала алады.
"Қазақтелеком" АҚ және "Транстелеком" АҚ ТЖ кезеңінде бекітілген байланыс, Интернет және цифрлық телевизия қызметтері үшін төлем жасамаған, яғни қарызы бар жеке тұлғаларды аталған қызметтерден ажыратып тастамау туралы шешім қабылдады.
ТЖ режимі кезінде "Кар-Тел" ЖШС әлеуметтік тарифтік жоспарын пайдаланатын абоненттеріне, яғни зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар мен мұғалімдерге тегін байланыс және интернет пакеттерін ұсынады. Сондай-ақ, барлық ұялы байланыс операторлары роумингтегі өз абоненттерін бонустық теңгеріммен немесе әлеуметтік желілерге тегін интернет-трафикпен және туыстарымен байланысу үшін тегін мессенджерлермен қамтамасыз етті.
ТЖ режимі кезінде кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін кейбір операторлар Интернет қызметтеріне, карантинге жабылған сауда және қызмет көрсету орындарын қашықтан бақылау үшін бейнебақылау қызметіне төлем жүргізу тәртібі жеңілдетілген арнайы тарифтік жоспарлар әзірледі.
Қазіргі уақытта байланыс операторларының күшейтілген жұмыс режиміне көшкенін айтып өткен жөн. Коммуникация желілерінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін байланыс арналарына тәулік бойы мониторинг жүргізіледі. Сондай-ақ байланыс операторлары 1414 call-орталығының жұмысын күшейту және мемлекеттік қызметшілердің қашықтан жұмыс режиміне көшуі үшін бірқатар ұйымдастыру шараларын қабылдады.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарышөнеркәсібі министрлігінің
баспасөз қызметі
Пікір қалдыру