Алматыда төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты халықтың барлық осал топтарына белсенді әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Қаражаттар республикалық және жергілікті бюджеттерден, сонымен қатар «Birgemiz» және «Жаңа Алатау» қорларынан бөлінуде, – деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
Осылайша, республикалық бюджеттен жалпы 69 мыңға жуық қала тұрғынын азық-түлік және тұрмыстық құралдармен қамтамасыз ету үшін 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (5302 теңге) төленді. Соның ішінде бірінші және екінші топтағы мүгедектер, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар, мүгедек баласын күтуші ата-аналар, АӘК алатындар бар.
Сонымен бірге кемінде 2 АЕК-тен кем емес мөлшерде 3 топ мүгедектері және ресми түрде жұмыссыз деп тіркелген шамамен 24 мың адамға төлемақы беру қарастырылып жатыр.
Сондай-ақ Алматы қаласы бойынша халыққа әлеуметтік көмекті «Birgemiz» қоғамдық қоры көрсетуде. Аталған қор халықтың осал топтарына, яғни 23 мыңнан астам адамға 50 мың теңгеден бөліп төлеу үшін шамамен 1,2 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Олардың қатарына әлеуметтік аз қамтылғандар отбасына кіретін көпбалалы отбасылар, бірінші топтағы мүгедектер, мүгедек баланы қараушы ата-аналар, ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер мен жетімдер бар.
Сонымен қатар Алматы қаласының жергілікті бюджеті есебінен сәуір айының соңына дейін 18 мыңнан астам ҰОС мүгедектеріне, сондай-ақ оларға теңестірілгендер мен еңбек майданына қатысушыларға бір реттік төлем беру жоспарланып отыр. Осылайша 206 ҰОС қатысушысы мен мүгедекке 1 млн теңге, 4 мыңнан аса адам – 100 мың теңге және 14 мыңға жуық адам – 50 мың теңге алады.
Қолданыстағы қолдау шараларымен қамтылмаған мұқтаж адамдарға азық-түлік жиынтықтары (10,5 мың тг) және санитарлық-гигиеналық құралдар пакеті (10,5 мың тг) түрінде «Жаңа Алатау» қоры мен «Нұр Отан» партиясының демеушілік қаражаты есебінен әлеуметтік көмек ретінде көрсетіледі. Бүгінде осындай себеттер мен жиынтықтарды 4,7 мыңнан астам адам алып үлгерді. Олардың арасында үйлеріне барып қызмет көрсетілетін жалғызбасты зейнеткерлер, 2020 жылдың жаңа талаптарына сәйкес келмейтін, 2019 жылдың соңында мемлекеттік АӘК алушылар қатарындағы азаматтар бар.
Оған қоса, бүгінде кірісінен айырылған 6650 қала тұрғыны мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан – 42,5 мың теңге көлемінде мемлекеттік әлеуметтік көмек алды.
Жалпы, аталған жәрдемақыны алу үшін бүгінде Алматы қаласында 7306 қызметкерді құрайтын кәсіпорындардан 2247 өтініш келіп түскен.
Пікір қалдыру