Үстемақы медицина қызметкерлерін жігерлендіреді. Бұл туралы Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасы жанындағы провизорлық станционардың аға мейірбике Ләззат Біләлова айтты.
Оның айтуынша, осындай жауапты сәтте аты жаман індетпен күресіп жатқан дәрігерлердің еңбегінің еленгені медицина саласының барша қызметкерлерінің көңілінен шығып отыр.
– Мемлекет басшысы өзінің үндеуінде жаһанды жайлаған коронавирус инфекциясымен күресуде дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне үлкен сенім артып отырғандығын айтқан еді. Осы ретте, Президенттің тапсырмасымен коронвирус инфекциясына қарсы күрестің алдыңғы легінде жүрген медицина саласының қызметкерлеріне үстемеақының төленуі олардың жауапкершілігін арттып, одан сайын жігерлендіре түседі, – дейді Ләззат Біләлова.
Жоғары санатты, 25 жылдық тәжірибесі бар Ләззат Біләлова қазіргі кезде, Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасы жанындағы провизорлық станционарда аға мейірбике болып қызмет істеуде. Аталмыш провизорлық станционарда барлығы 36 адам карантинде жатыр. Оларға дәрігер, мейірбике, санитары бар 30-дан астам медициналық қызметкер қызмет көрсетуде. Оның үйіне бармай, осындай жұмыс істеп жатқанына үш аптадай болыпты.
– Әрине, отбасымды сағындым. Бір қалада тұрсақ та жақындарыммен телефон арқылы бейнебайланыс арқылы сөйлесеміз. Ең бастысы сағыныш емес, дертті жеңіп, адамдардың тезірек сауығып кетуі. Біздерге мемлекет, басшылық тарапынан барлық жағдай жасалып отыр. Облыстық аурухананың жанындағы жатақханада тұрып жатырмыз. Медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Осыдан бірер күн бұрын 400 мың теңге шамасында үстемеақы алдық. Сондықтан еш алаңсыз қызметімізді атқарудамыз, – деді Ләззат Біләлова.
Айта кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, Ақмола облысында 500-ден астам дәрігер үстемеақы алған болатын.
Пікір қалдыру