Қазақстаннан майданға аттанған 1 миллионнан астам жауынгердің 528-і Кеңес Одағы батыры атағын алды. Оның жүзден астамы – қазақтар. Ал 110 қазақстандық үшінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.
Өткен ғасырдағы сұрапыл соғыста шайқасқан барлық жауынгердің мақсаты бір болды. Ол мақсат – Жеңіс үшін қолдан келгенді аянбау.
Майдан даласында ерекше ерлік көрсеткен 4 сарбаз екі мәрте Кеңес Одағының батыры атағын алды. Олар: Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Сергей Луганский және Иван Павлов.
Бойжеткен шағында майданға өз еркімен сұранған Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың ерлік жолы да ешқашан ұмытылмақ емес. Екі өжет қызға да Кеңес Одағының батыры атағы берілді.
Екінші дүниежүзілік соғыста тыл еңбеккерлерінің де қосқан үлесі зор.
Сұрапыл соғыста қолданылған 10 оқтың 9-ы қазақ жерінде өңделді. Колхоздар мен совхоздар майданға азық-түлік пен киім-кешектен бөлек, мал, тіпті ауыл шаруашылық техникасын жіберіп отырды. 1942-1943 жылдар аралығында республика ауыл шаруашылығынан 4111 трактор, 1184 жүк машиналары, 30318 жылқы майданға жіберілген.
Пікір қалдыру