Жылда батырлардың рухына тағзым жасалып, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жауынгерлерді ардақтап, ұлықтайтын ұлы күнде Алматыдағы «Даңқ» мемориалы алғаш рет бос қалды. Бұл туралы almaty.tv хабарлады.
Елге төнген пандемия кесірінен бейбіт күннің белгісіне айналған алауға биыл келіп тәу етуге тыйым салынған. Десе де Отан үшін отқа түскен батырлар ерлігі ел есінде мәңгі қалады.
Бейбіт шеруге қатысушылар осында, яғни 28 панфиловшылар саябағына келіп, мәңгілік алауға гүл шоқтарын қояды. Бірақ бүгін мұнда да жан баласы табылмады. Жалпы, Мәңгілік алау алғаш рет 1975 жылы жағылған. Ол жарқын болашақ пен ерліктің символы болып әлі де лаулап тұр.
Жаутаңдап қарап дала тұр,
Көз жасын сүртіп жаңа бір.
Хабарсыз ұлын сұрауға,
Жолыңды тосып ана жүр.
Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар.
Көрдің бе ұлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар?
Қазақтың біртуар ақыны Ғафу Қайырбеков бұл өлең жолдарымен сұрапыл сұм жылдардың көрінісін бір сәт те болса көз алдыңа әкеледі. Отан үшін жан алысып, жан берген қанша батыр қан майданда қыршын болды. Қаншауы ұрыс даласына сіңіп сол күйі ошарсыз кетті... Бүгінгідей қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған күнге жету үшін сан боздақтың тағдыры сарп етілді.
Саябақта Екінші дүниежүзілік соғыста көп пайдаланылған «Катюша» реактивті артиллерия көлігі тұр. Бүгінде 96 жасқа таяған батыр Жаңбыр Керімқұлов сұм соғыста осы көліктің зеңбірегін оқтаушы болыпты. 1942 жылы Арыс қаласында армияға шақырылып, Ресейдің Горкий қаласына майданға аттанады. Ол кезде Жаңбыр ата небәрі 18-де болған. Жас жауынгер немістерге қарсы ұрыста Днепрден өтіп, Австриядан бір-ақ шықтым дейді.
– Украинаны толық басып өттік. Одан кейін Молдовияны басып өттік, Румынияның шетін басып, Болгарияға бардық. Болгариядан Венгрияға бардық. Будапештті алдық. Медалім да бар, міне. Венгриядан шығып, Австрия еліне бардық. Ол Гитлердің туған жері екен. Сол жерде соғысты 1945 жылы 8 мамырда кешқұрым бітірдік, - дейді Ұлы Отан соғысының ардагері Жаңбыр КЕРІМҚҰЛОВ.
Бүгінде бейбіт өмір сүріп отырған Жаңбыр қария 2 ұлдан, 4 немере, 6 шөбере сүйіп отыр. Ол ендігі жерде келер ұрпақ соғыс көрмей, жарқын өмір сүрсе деп тілейді.
9 мамыр – Жеңіс деп жарияланды. Соғыс бітті. Содан бері 75 жыл өтті. Майданнан тек жауынгерлердің даңқы, баға жетпес ерлігі, естеліктері мен мына бейбіт, мамыражай күн қалды. Қандай қауіп төнсе де, қандай кесел келсе де елін қорғаған батырлардың ерлігі ұрпақтан ұрпаққа насихатталып, жалғаса бермек. Сұрапыл соғыста жауға кеуде тосқан әрбір жауынгер халық жадында. Олардың ерлігі, батылдығы ел есінен ұмытылмайды.
Пікір қалдыру