Алматы қаласында қазіргі уақытта 404 «Сергек» камерасы жұмыс істейді.
Алматыда 4 айдың қорытындысы бойынша тіркелген жазатайым оқиғалардың саны 28,4%-ға азайды. Барлығы 765 жазатайым оқиға тіркелді, соның салдарынан 23 адам қайтыс болды, 884 адам жарақат алды.
– Апаттар санының азаюы «Сергек» АПК бейнебақылау камераларын орнатумен байланысты болып отыр. Қазіргі уақытта Алматыда 404 «Сергек» камерасы жұмыс істейді. 2020 жылдың аяғына дейін қосымша 380 камераны (210 жол қиылысы, 170 сызықты аймақтарда) орнату жоспарлануда. 2020 жылдың 4 айында «Сергек» АПК камераларында 60 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы анықталды. 436 миллион теңгеден астам сомада айыппұл салынды. Сондай-ақ, қалада 105 посттан тұратын «БДД» ААЖ құрылды. Камералар орнатылған жерлерде жыл сайын жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы 20%-ға төмендеуде. Осы жылдың 4 айында «БДД» ААЖ 77 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзушылықты анықтады. 394 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды, – деді Алматы полиция генерал-майоры Қанат Таймерденов.
Жыл басынан бері қала жолдарында 214 506 жол ережелерін бұзу фактілері анықталды. 1 миллиард 267 миллион 533 мың теңге айыппұл салынды.
– Барлығы 76 648 ереже бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 74 479 жүргізуші, 276 жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталған. Сот 379 жүргізушіні көлік құралын басқару құқығынан айырды. 235 жүргізуші әкімшілік қамауға алынды. Қаладағы көліктер паркі - 536 мың 341 көлік құралын құрайды, – деді Қанат Таймерденов.
Пікір қалдыру