Нұр-Сұлтанда бірінші сыныпқа Egov.kz порталы арқылы қабылданады

/image/2020/05/22/crop-19_11_1032x1376_5c3c184b8bb6d.jpg

Бірінші сыныпқа құжат қабылдау 1 маусымнан басталады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова балаларды бірінші сыныпқа қабылдау Egov.kz электронды үкімет порталы арқылы жүзеге асырылады. Мектептен мектепке, сыныптан сыныпқа ауысудың автоматтандырылған мемлекеттік қызметі әзірленді.

– Ата-аналарға порталдың «Білім» бөліміне кіріп, «Орта білім», мектепке кіріп, қажетті құжаттарды қоса жолдай отырып өтініш беру жеткілікті. Құжат тапсыру үшін күтудің ең ұзақ уақыты – 15 минут. Мемлекеттік қызметті ұсыну нысаны – электронды. Ата-ананың «жеке кабинетіне» баланы қабылдау туралы хабарлама немесе себептері көрсетілген дәлелді бас тарту келеді. Ол үшін небәрі төрт-ақ құжат керек: баланың ата-аналарынан немесе заңды өкілдерінен өтініш (еркін нысанда), баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, 026/у-3 «Баланың денсаулық паспорты» нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат, 063/у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат, сондай-ақ 3х4 көлеміндегі екі фотосурет. Мектептің қабылдау комиссиясының ешқандай қосымша құжаттарды сұратуға құқығы жоқ екеніне тағы да назар аударғым келеді, – деді Ш.Қадырова.

Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау үшін порталға қосымша педагогикалық-медициналық-психологиялық комиссияның қорытындысы электронды түрде (сканнұсқа, фото) заңды өкілдердің келісімімен ұсынылады.

Құжаттарды қабылдау 1 маусымнан басталады. Жаңа оқу жылына дайындық мақсатында 17 тамыздан бастап мектептерде ата-аналардың қалауы бойынша ақысыз негізде жазғы мектеп жұмысын өткізу жоспарлануда.

Сонымен қатар биыл арнайы білім беру ұйымдарына қабылдау емтихандары 2020 жылдың 18 маусымынан бастап өткізілетін болады. Құжаттарды қабылдау 15 мамырдан 17 маусымға дейін электронды форматта жүзеге асырылады.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар