Балабақшаларда кезекші топтар жұмысын бастады. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте МО білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев мәлімдеді.
Маңғыстау облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 07.05.2020 жылғы қаулысы негізінде, Білім басқармасы мектепке дейінгі ұйымдарда кезекші топтар ашу туралы бұйрығын шығарды.
Осыған байланысты 13 мамырдан бастап Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Қарақия ауданының Құрық және Жетібай ауылдарынан барлығы 58 мектепке дейінгі ұйымдарда 87 кезекші топ ашылды.
Бүгінгі таңда аталған топтарда 865 бала (Ақтау- 498, Жаңаөзен-281, Қарақия ауданы– 86), яғни барлық балабақша контингентінің 2,3 % (мемлекеттік-423, 1,6%, жекеменшік-442, 3,6 %)бар.
Барлығы 364 педагог пен 685 техникалық қызметкерлер штаттық режимде (медбике, аспаз, кір жууышы және т.б) жұмысқа шықты.
Балабақшаларда күнделікті балаларды қабылдау дене қызуларын өлшеу арқылы таза ауда, яғни балабақша ауласында жүргізіледі және топтағы балалар саны 10-нан аспайды.
Сондай-ақ, күнделікті ылғалды тазалық жұмыстары, залалсыздандыру, желдету, дезинфекциялық жұмыстар талапқа сай жүргізіледі.
Пікір қалдыру