Биыл 22,5 млн га алқапқа дақыл егу жоспарланған

/image/2020/05/26/crop-21_6_536x871_big_6daac1d56ac9c8fc7d94380e456beef7.jpg
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу барысы және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге дизель отынын жеткізу туралы баяндады.

2020 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,5 млн га алаңға егу жоспарланған, бұл 2019 жылғы деңгейден 238 мың га көп.

С. Омаров атап өткендей, импортты алмастыру үшін және жоғары рентабельді дақылдар пайдасына егіс алаңдарының құрылымын әртараптандыру мәселесіне ерекше назар аударылады.

Осылайша, осы жылы майлы дақылдардың алаңы 122,2 мың гектарға, көкөніс дақылдарының – 10 мың гектарға, бақша дақылдарының – 1,5 мың гектарға, картоп – 7,8 мың гектарға, азықтық дақылдардың – 308,6 мың гектарға, қант қызылшасының алаңы 2,4 мың гектарға ұлғаяды.

– Бұл ішкі нарықты өніммен қамтамасыз етуге және өңдеуші кәсіпорындар үшін шикізат көлемін арттыруға мүмкіндік береді, – деді ауыл шаруашылығы министрі.

Көктемгі егін жұмыстарының барысы

Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы дақылдары республиканың барлық аймақтарында егіліп жатыр. Атап айтқанда, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 9,6 млн гектарға немесе жоспарланған алаңның 65%-ына, майлы дақылдар 2,3 млн гектарға (76%), көкөніс-бақша дақылдары мен картоп – 400 мың гектарға (85%), қант қызылшасы 20,5 мың гектарға (93%), мақта – 118 мың гектарға (100%), көпжылдық шөптер 352 мың гектарға (100%) егілді.

Тұқыммен қамтамасыз ету

2020 жылдың астығына республика бойынша егіс науқанын жүргізу үшін 2,5 млн тонна тұқым дайындалды, бұл тұқымдық материалға деген қажеттілікті толық қамтамасыз етеді. Бүгінгі күні барлық тұқымдар тексерілді, олар 100% кондицияға сәйкес келеді.

Жоғары репродукциялы тұқымдар 99 пайызды құрайды, оның ішінде 1-2 санатты егіс стандартына 1,2 млн тонна кондициялық тұқым, 3-санатына 400 мың тонна сәйкес келеді. Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарына осы бағыттағы жұмысты күшейту керек.

Минералды тыңайтқыштармен және өсімдік қорғау құралдарымен қамтамасыз ету

С. Омаровтың айтуынша, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін жоғарылатуға әсер ететін факторлардың бірі – минералды тыңайтқыштарды ғылыми ұсыныстарға сәйкес енгізу. Бірақ, өкінішке орай, бүгінде 2,5 млн тонна қажеттілік кезінде республикада шамамен 500 мың тонна минералдық тыңайтқыш салынды.

26 мамырдағы жағдай бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 395 мың тонна тыңайтқыш (жоспардың 76%-ы) жеткізілді, өңірлердегі сақтау қоймаларында қосымша шамамен 31,8 мың тонна тыңайтқыш бар. Бұл бағыт бойынша жұмыс жалғасатын болады.

Жанар-жағармаймен қамтамасыз ету

Көктемгі дала жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін ақпан-маусым айлары мезгіліне 395 мың тонна дизель отыны бөлінді.

26 мамырдағы жағдай бойынша бекітілген кестеге сәйкес 314 мың тонна немесе барлық көлемнің 80%-ын жеткізу бойынша шарттар жасалды, оның ішінде өңірлерге 259 мың тонна (65%) тиеп-жөнелтілді. 

Ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы

Ауыл шаруашылығы құралымдарында көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы техникасының қажетті саны бар.

Жыл сайын машина-трактор паркін жаңарту бойынша және егіс техникасының заманауи түрлерін сатып алу бойынша жұмыстар жүргізіледі. 

Министрлік облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, карантиндік режимнің қолданылу уақытында сервистік қызметтердің, сондай-ақ жөндеу бригадаларының кедергісіз қозғалуына қатысты барлық мәселелерді пысықтаған.

Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру

Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін республикалық бюджеттен 70 млрд теңге бюджеттік несие бөлінді. Қаражат республиканың 2,4 мың ауыл шаруашылығы өндірушісіне беріліп, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге бағытталды. 

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 100 млрд теңге бөлінді.

26 мамырдағы жағдай бойынша 19,1 млрд теңгеге 331 өтінім қабылданды.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар