Онлайн-брифинг барысында Алматының Бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин коронавирус жұқтырған науқастардың әлі де тіркеліп жатқанын хабарлады. Алматы бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырудың барлығы 2715 жағдайы тіркелді.
Қазіргі уақытта көпшілік іс-шараларды өткізуге қатаң тыйым салынды.
Азаматтарға адамдар көп жиналатын орындардан алшақ жүру және қоғамдық орындарда әлеуметтік қашықтық пен басқа да санитарлық талаптарды сақтау өтініші қадала сұралуда.
Қаланың Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің №38 Қаулысына сәйкес, келесідей шектеу шаралары енгізілген:
Алматы қаласының аумағында адамдардың жаппай жиналуымен болатын шараларды өткізуге тыйым салынған;
- көрермендердің қатысумен болатын мәдени және спорттық шаралардың өткізілуіне тыйым салынады;
- жаппай корпоратив және басқа да шараларды өткізу үшін жекеменшік иеліктегі үйлер мен құрылыстарды жалға алуға тыйым салынады;
- қала сыртындағы және мектеп жанындағы сауықтыру нысандарының жұмысына тыйым салынған;
- оқушылардың топтасып экскурсияларға шығуына тыйым салынады.
Қазіргі уақытта карантин шаралары сақталып отыр – бассейндер, аквапарктер, аттракциондар және саябақтардағы сауда нысандары, мәдениет және сауықтыру нысандары әлі де жабық болады. Көрермендердің қатысумен болатын мәдени және спорттық шаралардың да өткізілуіне тыйым салынған.
Кәсіпкерлердің санитарлық талаптарды жиі бұзып, тиісті ережелерді сақтамауына байланысты осыған дейін жұмысын қайта бастаған кейбір нысындардың қызметін тоқтату мәселесі де қаралуда.
– Енгізілген карантин шараларының орындалмауы (бұзылуы) жалғасатын болса, бұл қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыздығына әкелуі мүмкін, - деп мәлімдеді Ж.Бекшин.
Ж.Бекшин атап өткендей, жұмыстарын қайта бастаған нысандарды, сонымен бірге саябақтар мен скверлерді торуылдайтын (күзететін, бақылайтын) мониторингтік топтар өз қызметтерін жүзеге асыруда. Сонымен бірге, денсаулық сақтау ұйымдарында профилактикалық тексерулер белсенді түрде жүргізіліп жатыр.
Түрлі нысандардың қызметіне қатысты сұрақтар коронавирус инфекциясын жұқтыру статистикасына қарай қарастырылатын болады. Қазіргі уақытта жабық тұрған мәдениет нысандары өз жұмыстарын егер вирусты жұқтыру өсімі соңғы жеті күн бойы 2 пайыздан аспаған жағжайда қалпына келтірілуі мүмкін.
Пікір қалдыру