Қажыгелдинді елге әкелсе, саяси жүйеде нендей өзгерістер болмақ?

/uploads/thumbnail/20170708192351294_small.jpg

90-шы жылдардың жұлдызды саясаткері, бернеше жыл ел үкіметін басқарған, кейінірек дүрбелең кезеңнің диссидент символына айналған Әкежан Қажыгелдинді елге қайтады екен деген сыбыс осыған дейін де шыққаны белгілі. Жақында тағы бір қазақстандық интернет газеті - rgmedia.kz Қажыгелдин мырза қартайған шағында елге оралады, деген ауандағы мақала жазған(http://rgmedia.kz/news/view/2248).

Биыл наурыз айында экс-премьер Әкежан Қажыгелдин пайғамбар жасқа толған болатын. Кезінде ел үкіметін бірнеше жыл басқарған саяси фигураның төңірегінде түрлі қауесет әңгімелер әлі де толастар емес. Ал Әкежан Қажыгелдин мырзаның саясаттан аластатылғаннан кейін Америкада тұрып жатқандығы да белгілі. Тіпті, өзі де елге оралуды армандайтынын жасырмайды.

Естеріңізде болса, «Қамшы» порталы «Қажыгелдинді Қазақстанға қайтару туралы сыбыс расқа айнала ма?» атты сараптамалық мақала жазған болатын( http://old.qamshy.kz/?p=22989).

Сәл ілгеріректе, Көптен бері саяси трибуналар мен БАҚ беттерінен жасырын қалып жүрген экс-премьер-министр Әкежан Қажыгелдинді елге қайтару туралы Қазақстан Үкіметі сөз ете бастаған-ды.

Ал «Қажыгелдин елге оралғалы жатыр» деген болжамдар 2000-шы жылдың орта тұсынан айтыла бастаған. Бірақ, бұл жолы ақпараттық агенттіктерге сенсек, Қажыгелдинге қатысты кезекті болжамның дерек көзі - «Нұр Отан» партиясындағы қызметкерлердің бірі екен. Осыны ескере отырып, кейбір саясаттанушылар Қажыгелдиннің билік жүйесіне де оралуын жоққа шығармайды. Бұл мүмкін бе? Мүмкін де шығар. Бірақ...

Әрине, осыған дейін жазғандарымыздай экс-премьер-министрге мың жерден  рақымшылық жасалғанымен, оны  елге қайтаруда кедергілердің көп екені айғақ. Қазіргі билік басында жүрген әлдекімдердің жолын кесуі мүмкін, әлде оның кезіндегі «ҚДТ»-мен байланысы жағымсыз пікір қалыптастыруы мүмкін. Әйтеуір бәле-жала шаш етектен екені түсінікті. Айтпақшы, кезегінде экс-елші, әккі опазиционер Рахат Әлиев дәл, осы  Қажыгелдин мырзаның ізіне шам алып түсіп, сыртынан сот процесін жүргізіп, 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім де шығарған болатын.

rgmedia.kz-тің жазуынша, қазақстандық сарапшылардың басым бөлігі Қажыгелдиннің елге оралатынына  аса сенбейді-мыс. «Ол елге оралса да бұрынғы абырой-беделі мен ықпалдылығына жете алмайды»,-дейді.  Иә, қазір елде басқарудың бір құрылымды, қаржылық мүмкіндігі мен саяси ықпалы күшті про-президенттік жүйе ойыншылары қалыптасқаны белгілі. Сондықтан Қажыгелдин мырза қайтып келсе де, «құрметті зейнеткер» атағынан әрі асып кете алмайды екен.

Қажыгелдин мырза туралы ел саясаткерлерінің ішінде де пікір алуандығы сезіледі. Мысалы, белгілі бір топ оны нағыз реформатор, өз заманының прагматик саясаткері, технократ, тіпті, ұлттық үкіметті басқарған ең үздік премьер ретінде таныса, тағы бір топ оны жекешелендіру барысында мемлекеттік мүлікті талан-таражға түсіріп, оңай жолмен табыс тапқан, жеке қалтасының қамын ұлттық мүддеден жоғары қойған ашкөзге балайды екен.  Сіз не десеңіз де, 90-жылдардың басында ұлттық элитаға баса-көктеп келген Қажыгелдин Қазақстан тарихында өзіндік орны бар саясаткер екені даусыз. Ең бірінші, ол саяси прагматик болумен қатар мықты оратор да еді. Демократиялық қоғамға ұмтылыс танытқан сол заман үшін бұл таптырмайтын қасиет еді ғой.

Оның ең бірінші қылмысы да сол, билік бекітіп, белгілеп берген шеңберге сыя алмағандығы болса керек-ті. Ол билікке бойсынбады, өзіндік жүйе қалыптастырғысы келді. Партия да құрды, президенттік сайлау додасына да түсті. Қазақстандық саясаткерлердің көбісі Әкежанды әкесіндей көргенімен, сындарлы уақыттарда оның қасынан табылғандар аз болды.

Мыңмен жалғыз алысқан жеке батырдай Қажыгелдинді биліктің машинасы тарапынан жасалған қысымға шыдай алмайтынын сезген ол ақыры шетел асып тынды. Халықаралық іздеуге жарияланды, бәле-жаланың астында қалды. Билік машинасы ақыры Қажыгелдинді таптап тынды. Кезінде өздері аластатып тынған Қажыгелдинді өздері  енді елге шақырту туралы сыбыс тарата бастапты.

Иә, уақыт бәрін көрсетер, тек бір ақиқаты Қазақстанның имиджі үшін Қажыгелдиннің елге оралуы оң әсерін тигізері даусыз. Демократияның тапталуына байланысты өз тарапына қатаң сыни пікірлер естіп жүрген Қазақстанның саяси элитасы осы қадам арқылы әлемдік қауымдастықтың алдында мол ұпай жинай алар бәлкім.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Қатысты Мақалалар