Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ауруханада емделіп жатқан науқастарға дәрі-дәрмек жетпей жатқаны туралы бейнеүндеуге жауап берді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
– Достар Facebook-тен Аида Боқаеваның үндеуін көрдім. Әлеуметтік желі қолданушылары оның байланыс нөмірін берді. Оған хабарластым. Аида Боқаева бірнеше ай бойы қоғамдық бастамаларға қатысып, ауруханадағы дәрігерлерге көмектесіп, науқастарға қамқор болып, еден жуып, сусын әкеледі. Ол ауруханада дәрігерлердің қалай ерлікпен жұмыс істеп жүргенін, сонымен қатар жұмыс барысында кездесетін мәселелер туралы айтты. Мұндайға бей-жай қарамайтын адамдар маған, халыққа жағдай қалай болып жатқанын көрсетіп, қажетті емге ұсыныстар мен дұрыстап көмек көрсету туралы өтініштерін айтады. Біз медициналық мекеме ішінде не болып жатқанын қадағалайтын "халықтық бақылау" құрамыз деп келістік. Халықтық бақылау - жағдайдың қалай болып жатқанын бағалайды, адамдарға қалай көмектесу туралы ұсыныстарын жасайды, дәрі-дәрмек жеткілікті ме жоқпа, науқастарға қалай қызмет көрсетіліп жатыр, басшылық ұжым мен науқастарға қалай көңіл бөлетінін бақылайды, – деді Цой.
Ол қажет болған жағдайда, әсіресе жемқорлық және қайта сату сипатты жағдайлар бойынша қатаң шаралар қолданатынын атап айтты.
– Аида бұл жұмысты өз қолына алып, аймақтарды аралауға әзір екенін айтты. Біз аймақтар бойынша осындай жұмысқа өз еркімен қатысуға дайын мейірімді жандарды іздейміз. Ұлттық волонтерлер жүйесі осы жобаға қатысуға ниет білдірді. Медициналық мекемелерге кіруді біз қамтамасыз етеміз. Осылайша жағдайды жақсарту бойынша нақты шешім қабылдаймыз. Қазіргі уақытта қоғамдағы жағдайды тұрақтандыру үшін бас біріктіру үлкен үміт оятады, – деп жазды желідегі парақшасында.
Еске сала кетейік белгілі заңгер Айгүл Орынбек өзінің facebook-тағы парақшасында ауруханада жұмыс істеп жүрген волонтерлердің денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға жолдаған бейнеүндеуін жариялаған болатын.
Еріктілер ауруханалар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілгені туралы дерек жалған екенін, оған өздері күнбе-күн куә болып жүргенін, оны айғақтайтын видеоматериалдың жеткілікті екенін айтқан болатын.
Пікір қалдыру