Алматы облысында жаңа оқу жылы қашықтан басталады

/image/2020/08/17/crop-19_0_558x991_10e878af-0934-4930-9609-95bb7ad27967.jpg

Журналистер үйінің мәжіліс залында жаңа оқу жылына арналған дайындық жұмыстары туралы мәслихат жиыны өтті. Басқосуға облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысты.

Облыстағы санитарлық эпидемиологиялық жағдайға байланысты биылғы жаңа оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталатынын айтқан аймақ басшысы білім саласының бюджеті 314,2 миллиард теңгені құрағанын жеткізді. Ол былтырғы жылмен салыстырғанда 108 миллиард теңгеге артқан. Жалпы, облыста әлеуметтік салаға бөлінген бюджет қаражатының 65 пайызы білім саласына бағытталады.

Облыста жалпы орта білім беретін 760 мектеп бар. Жаңа оқу жылында 1 сыныпқа 48 мыңнан астам бала қабылданады деп жоспарлануда. Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты мектеп оқушылары төрт бағыт бойынша білім алады. Бірінші бағыт бойынша оқушылардың 70 пайызы ғаламтор желісі арқылы оқумен қамтылады. Екінші бағытта 20 пайыз оқушы республикалық «әл-Фараби», «Ел Арна» және облыстық «Жетісу» телеарналары арқылы білім алатын болады. Ал үшінші бағытта шалғайдағы елді мекендердегі шағын жинақталған 138 мектепте санитарлық талаптарға сәйкес, екі ауысымда яғни, 15 баладан 7 мың 721 оқушы  штаттық режимде оқиды. Бастауыш сынып оқушылары, ата-аналардың өтініші негізінде болжаммен 5 мың 214 кезекші сыныптарда 34 мың 792  бала  оқу жүйесінің төртінші бағыты бойынша білім алады. біз үшін бала денсаулығы өте маңызды. Сондықтан штаттық режимде білім беретін мектептерде қатаң санитарлық талап сақталады. Мектептің кіре берісінде залалсыздандыру төсеніштері, тепловизор, санитайзер және жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етіледі. Осындай сақтық шараларын іске асыру мақсатында жергілікті бюджеттен 226,9 миллион теңге бөлінді, – деді Амандық Ғаббасұлы. 

Жаңа оқу жылында оқушылар мен мұғалімдердің компьютерік құралдарға деген қолжетімділігі білу үшін интернет желісі тартылған елді мекендер бойынша арнайы мониторинг жұмысы жүргізілген. Нәтижесінде облыста компьютерлік техникамен қамтамасыз етілген оқушылардың үлесі 61 пайызды құрады. Бұл облыстағы  242, 7 мың оқушыда компьютер бар деген сөз. Баланың толық білім алуы үшін облыс мектептеріндегі 23 мың 678 компьютер балаларға уақытша пайдалануға беріледі. Аз қамтылған отбасының балалары мен жетім балаларды компьютерлік техникамен қамтамсыз ету мақсатында 75, 6 мың компьютер сатып алынған. Жиында облыс басшысы оқушыларға компьютер сатып алу үшін бюджеттен 12,5 миллиард теңге бөлінгенін, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 20 мың компьютер сатып алынатынын, «Жас архитекторлар мен құрылысшылар» қоғамдық қоры облыстың аз қамтылған отбасының балаларына 150 компьютер сыйға тартылатынын айтты. Демек, жаңа оқу жылында облыс оқушылары толығымен компьютерге қол жеткізе алады.

Аймақ басшының айтуынша, бүгінде облыста 41 мың 625 педагог жұмыс істейді. Олар компьютерлік техникамен толық қамтылған. Алайда 96,4 пайыз мұғалім интернетке қосылғанымен 3,6 пайызы қосылмаған.

Облыс аумағындағы 732 елді мекеннің, 19-ында  интернет желісі жоқ. Ғаламтор желісіне қосылмаған мектеп жасындағы 886 баланың 730-ы телеарна арқылы, қалған 156 бала штаттық режимде білім алады. 426 мың 637 оқушының 88 пайызы ғаламтор желісіне қосылған. Ал қалған оқушы ғаламтор желісіне тіркелмеген. Бұл кемшілік бойынша жүйелі жұмыс атқарылуда. «Қазақтелеком» АҚ арқылы 98 мектепте интернет жылдамдығын 4 Мбит-тен
8 Мбит-ке  дейін ұлғайту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл мұғалімнің еркін сабақ беруіне, оқушының еш қиналмай білім алуына үлкен мүмкіндік. Жаңа оқу жылында балаларды компьютер және интернет желісімен толық қамту мәселесін шешу үшін барлық жағдайды жасаймыз,
– деді облыс басшысы.

Жиында облыс бойынша 1 мың 118 мектепке дейінгі мекеме бары айтылды. Оның 822-сі балабақша болса 359-ы шағын орталық. Осы орталықтарға оқу жылының басынан бастап ата-аналардың өтініші бойынша кезекші топтарға балаларды қабылдау жүргізіледі.

«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 27 миллиард теңгеге 8 мектептің құрылысы жүргізілді. Оның алтауы жаңа оқу жылында пайдалануға берілсе, қалғаны жыл соңында тапсырылмақ.

"Жұмыспен қамтудың жол картасы", "Ауыл – ел бесігі" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жергілікті бюджеттен бөлінген 23,9 миллиард теңгеге 55 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Күрделі жөндеу жұмыстары 30 тамызға дейін аяқталатын болады.

Мектеп ауласындағы сыртқы әжетханалардың мәселесі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында өз шешімін тапқандығы талай ата-ананың үрейін сейілтті. Бүгінгі таңда 131 мектептің дәретханаларын ішке орналастыру жұмыстары аяқталды. Келер жылы бұл мәселе толығымен аяқталатын болды.

Басқосуда облыс әкімі Амандық Баталов білім ошақтарындағы материалдық-техникалық базаны нығайтуға 5 миллиард теңге, компьютерлер сатып алуға 4 миллиард теңге, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешен сатып алуға 3,4 миллиард теңге бөлінгенін айтты. Сондай-ақ, облыстағы 69 шалғай елді мекенде мектептің болмауына байланысты оқушылар көрші ауылға қатынап білім алуда. Енді оқушыларды тасымалдау үшін су жаңа 71 автобус сатып алынды. Оған  жергілікті бюджеттен 940,6 миллион теңге бөлінген.

Қазіргі таңда арнаулы кәсіптік білім беру ісіне де көп көңіл бөлінеді. Жалпы, облыста 76 колледж бар. Оның 43-і мемлекеттік,      33-і жеке меншік. Ол жерде 28 мың 758 студент білім алады. Биылғы оқу жылында 59 колледжде студенттерді қашықтан оқыту жоспарланған. Білімге құштар жастар үшін биыл 330 орынды үш студенттік жатақхана салынды. Төрт колледж жатақханасының құрылысы жүргізілуде. Облыс аумағындағы барлық колледжде 4 мың 872 компьютер бар. Бұл техникалар да білімгерлердің игілігі үшін уақытша пайдалануға беріледі.

Жалынды жастардың сапалы және қолжетімді білім алуына, қоғамда маман ретінде өз орнын табу үшін оларға жақсы жағдай жасау аса маңызды. Осыны алға тартқан аймақ басшысы І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттері үшін жақында Студенттер үйі ашылатынын айтты.

Баспасөз мәслихатында аймақ басшысы журналистердің сауалдарына жауап беріп, эпидемиологиялық жағдайға байланысты облыс тұрғындарын карантин шараларын қатаң сақтауға шақырды.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар