"Баяғы сұмдықтар әлі жалғасуда...". Журналист мемлекеттік арнада талай былықты көргенін айтты

/image/2020/09/07/crop-72_14_1046x1395_080931927600.jpg

Журналист Салтанат Әшірбай өзінің facebook парақшасында ұлттық арнадан кетіп, мемлекеттік БАҚ төңірегінде бірнеше мәселені ашып айтқан әріптесі Ербол Мәндібекті қолдайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол әріптестерін президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заңды қайта қарау туралы үндеу тастап, петиция жазуға шақырды. Журналист "Қамшы" тілшісіне сұхбат берді.

– Мемлекеттік арнаға 2012 жылдың басында жұмыс істеуге келгенмін. Бас продюсер келісім шартпен қабылдады. Қарапайым редактор ретінде жұмысқа кірдім. Арман-мақсатым телеарнада істеу болды. Ол жердің саяси көзқарасы белгілі ғой. Бірден-бір мемлекеттік телеарна болғандықтан, арнаның саяси принциптерінен шықпайтын едік. Мен сол арнаның саяси көзқарасын ұстауға тырыстым, үнсіз жүрдім. Алайда менің арнадан кетуіме басқа мәселе ықпал етті. Мен оны сол арна ішінде жүріп те басшыларға айттым, бірақ сең қозғалмады. Өзгеріс болмаған соң, мен қызметтен кетіп қалдым. Мені ешкім қуған жоқ. Ешкімге үй бер, жер бер, нан бер деп қол жайған жоқпын. Адал еңбегімді атқардым, бары сол, – дейді ол.

Журналист мемлекеттік арнада қызметте жүрсе де, оппозициялық газетке лақап атпен мақалалар жазғанын айтты.

– Мен арнаға алғаш келгенде, мұндай сұмдықтың бар екеніне таң қалдым. Себебі арнаға дейін Қазақстан қорғаныс министрлігіне қарасты "Қазақстан сарбазы" газетінде істедім. Әскери қызметте болғандықтан, маған бұл сорақылықты көру өте қорқынышты еді. Содан келісім-шартпен істеп келдім. Алайда "әріптестерге" мына сұмдықты қойыңдар, арты жаман болады" деп ескерттім. Мен штатта қызметте болмағандықтан, қосымша сол кезде өзін оппозиция атайтын "Central Asia Monitor" газетіне лақап атпен мақала жазып жүрдім. Астанада "Азбука жилья" және тағы бір риелторлық компаниядан зардап шеккен үлескерлердің мәселесін көтердім. Лақап атпен жазғандықтан, қазір сол газет бетінен менің атымды көрмейсіз. 2014 жылы мен декреттік демалысқа кеттім.

2017 жылы қайта жұмысқа шықсам, баяғы сұмдықтар әлі жалғасып жатыр екен. Мен үнсіз отыра алмадым. Қауіпсіздік қызметінің қызметкерін тауып алдым да, бірден не болып жатқанын айтып, жазып және сызып та көрсеттім. Ол кісімен бір емес, бірнеше рет кездесіп, мұндай нәрсені тоқтатуды кесіп айттым. Қауіпсіздік қызметкері барлық дүние бақылауда екенін айтып, мені шығарып салды. Алайда оның уәдесі бос сөз екеніне бүгінде көзім жетті, – дейді журналист.

Салтанат Әшірбай мемлекеттік арнада жұмыс істеген кезінде әр басшы өз командасымен келгенін, көтерген мәселелерді түбегейлі шешпегенін жеткізді.

– Сол кезден бір оқиға есіме түсіп отыр. Шағын ғимаратта жұмыс істейтінбіз. Басшының орынбасары "Қандай мәселелеріңіз бар?" деп сұрағанда, мен кабинеттен таршылық көріп жүргенімізді айттым. Ол бірден тапсырма беріп, мәселені шешіп берді. Кішкентай мәселе, әрине. Одан кейін талай басшылар ауысты. Қосылғыштардың орны өзгергенімен, қосынды өзгермеді. Біздің әлеуметтік жағдайымыз өте жақсы болып кетті деп айта алмаймын. Одан кейін ауысқан бас продюсеріміз мәселелерімізді түбегейлі шешпеді. Себебі белгілі еді. Бүкіл жерде әркім өзінің командасымен жұмыс істейді. Егер сен командаға лайық болсаң, әрі қарай жұмыс істей аласың. Олардың айтқанымен жүрмесең, командада емессің. Ал мен ешқандай командада болмадым. Өз ойым, өз пікірім болды, ешкімнің қол жаулығы емес едім, – дейді ол.

Оның пікірінше, сөз бостандығын шектеу – мемлекеттік арналарға тән жағдай.

– Мен қоғамдық-саяси, әлеуметтік ток-шоуларда істедім. Әлеуметтік жағдайы нашар аналардың мұң-мұқтажын тыңдадым. Оларға көмектесу үшін демеушілер тауып, көмек беріп жүрдім. Қарапайым халыққа көмегім тиіп жүрген соң, үнсіз жүрдім.

"Сөз бостандығы шектеді" деген тақырыпты қозғаудың өзі ақылға сыймайды. Кез келген журналист мемлекеттік арнаға келгенде, қайда келді, мақсаты қандай, не үшін келгенін жақсы біледі. Жазатын нәрсең де, ұстанымың да сол арнамен пара-пар болуы керек. Артық нәрсе жазбадық, тек жұмысқа қатысты нәрсені Facebook-те бөлісіп отыратынбыз. Ал пікірімізді білдіру мүмкін болмады.

Сөз бостандығын шектеу – біздің мемлекеттік арналарға тән нәрсе. Біз ешқашан да билікті сынап айта алмаймыз. Оны мен жақсы түсіндім. Егер сол кезде елбасы, министрді сынап, елдің ахуалын жазғанымда, міндетті түрде жұмыстан кететін едім. Бірақ істеп жүрген жұмысыма қанағаттанып, үндемей тыныш жүрдім.

Қазір келісім шартпен жұмыс істеймін. Ешкім азаматтық принципімді шектемейді. Өзімді еркін журналист, өз позициясы бар азамат ретінде сезінемін. Егер басшылық тарапынан "жұмыстан шығыңыз, сіздің азаматтық позицияңыз дұрыс емес, мемлекетті сынадыңыз" десе, "сау болыңыз" деп есікті жауып кете саламын. Ешкімге ренішім жоқ, – дейді ол.

Журналист "талай былығын көрген" мемлекеттік арнаның, бұрынғы басшылардың атын не себепті айта алмайтынын жеткізді.

– Жылдар бойы жинақталып, қордаланған мәселенің, сыздауықтың аузы жарылған күн болды. Бұл нәрсе бір-ақ күнде бола салмады.  Ойланып, бірнеше қадам жасап келдім. Өзім әріптес заңгерлермен байланыстамын, олар қолдап жатыр. Билік тарапынан ешкім маған хабарласпады. Жоғары жақтағы таныс ағалар менің жазып жатқан нәрсемнің дұрыс екенін біледі. "Салтанат" деп жымиып қоя салады. Қазір олардың атын жазып, шулатпай-ақ қояйын. Қарындасым деп сыйлап тұрғаны үшін оларға арқа сүйеймін.

Дәл қазір мен сізге арнаның аты мен түрлі фамилияларды айта алмаймын. Себебі мен адвокатпен ақылдасып, нені айтып, нені айтпау керегін бағамдап отырмын, – деді ол.

Сөз соңында ұлттық арнадан кетіп, мемлекеттік БАҚ төңірегінде бірнеше мәселені ашық жеткізіп жүрген әріптесі Ербол Мәндібекті қолдайтынын  айтты.

– Ербол Мәндібектің азаматтық позициясын қолдаймын. Осы жасқа келіп, оның шашы ағарып, жүзі жүдеп жүргені жақсы өмірден емес. Алдағы уақытта Дина Елгезек әріптес әпкеміз бастаған жұмыс тобы құрылып, президент Қасым-Жомарт Кемелұлына Үндеу жолдаймыз. "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заңды қайта қарау туралы мәселені көтереміз. Ал арнадағы болып жатқан мен айтқан сорақылық бір күні тоқтайды. Адамның сотынан қорықпаған кей пенделер Алланың соты бар екенін ұмытып кетпесе екен, – дейді Салтанат Әшірбай.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар