Мәулен Әшімбаев: Зорлық-зомбылық көрсеткендерді ауыр жаза күтіп тұр

/image/2020/07/27/crop-5_7_697x1239_c4623cd4-4912-4bfd-853a-91570c94d7e5.jpg

Сенат Төрағасы Сәтбаев пен Шорнақтағы оқиғаға қатысты пікір білдірді. Бұл жөнінде ол facebook-тегі парақшасына жазды.

"Сәтбаевтағы жағдайға қатысты қоғамның наразылығы орынды. Расымен, бұл оқиға бәріміздің жүрегімізді ауыртып, жанымызды жабырқатты. Барлық ата-аналардың ашуы мен ызасы да түсінікті. Дегенмен, осындай қылмыскерлерді жазалау заң негізінде жүргізілуі керек. Бүлдіршінге зорлық-зомбылық көрсеткендер заң алдында қатаң жауап береді. Ол – ақиқат нәрсе. Ешкімнің бұған күмәні болмауы керек", – делінген сенат спикерінің жазбасында.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев зорлық-зомбылық көрсеткендерді ауыр жаза күтіп тұрғанына назар аударған.

"Былтыр Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында бала құқығын қорғау мәселесіне айрықша назар аударып, оларға қатысты жасалатын қылмыстарға жазаны күшейту туралы тапсырма берген болатын. Соған байланысты Парламент Қылмыстық кодекске іргелі өзгерістер енгізді. Бүгінде бүлдіршіндерге қатысты жасалған зорлық-зомбылық фактісі бойынша қылмыскер жиырма жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сонымен қатар, зорлық-зомбылық әрекеті орта санаттан ауыр дәрежелі қылмыс түріне өзгертілді. Мұндай жағдайда тараптар татуласа алмайды. Бұрынғы тәжірибеде тараптардың өзара татуласуының нәтижесінде талай адамның қылмыстан жалтарып кеткені белгілі. Енді ондай олқылыққа жол жоқ.

Жаңа заң нормаларына сәйкес мұндай қылмыс жасағандар түрмеден мерзімінен бұрын босап та шыға алмайды, рақымшылыққа да ілінбейді. Сондықтан қолданыстағы заңнама бойынша қылмыскерлерді бұлтартпас ауыр жаза күтіп тұр", – деп жазған сенат төрағасы.

Сондай-ақ, ол Түркістан облысының Шорнақ ауылындағы жағдайға назар аударып, осы оқиғаны этносаралық жанжалға айналдырғысы келетіндердің желілерде жалған ақпараттар таратып жүргенін атап өткен.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар