Төл теңгеміз туған тіліміздің күйін кешетін бола ма?

/uploads/thumbnail/20170708193038726_small.jpg

Әзірге ортақ ақшаға қатысты сараптаманы Ресейдің мамандары тарапынан оқып отырмыз. Олардың айтуынша Одақтас елдерге ортақ валютаның қажет екенін уақыттың өзі көрсетті-мыс. Анығында  Одақ деген сөз қозғала салған күннің ертесі-ақ ортақ валюта деген сөздер құлағымызға жете бастаған.  Демек халықтың психикасын ортақ валютағы дайындағалы біраз уақыт болып қалды. Тек осы экономикалық толқу кезінде үрейлі халыққа  тағы да ортақ ақша туралы айтып қалудың оңтайлы сәті туып тұр. Еуропаның ортақ айналымдағы тәсілі бізге сабақ бола ала ма? Ол рас Еуропада  еуродан бөлек, мемлекеттердің өзіңдік төл валюталары бар. Бірақ ортақ ақша айналымы кезінде біз өзіміздің теңгемізге деген құрметті сақтай аламыз ба? Мәселен, Польшада еуроны  міндетті түрде злотаға айырбастау керек болады. Күнделікті сауда-саттықта олар еуроны қабылдамайды. Тіпті жоғары кластты брендті дүкендердің өзінде киімнің бағасы еуромен көрсетіліп тұрса да, ақшаны злотамен  талап етеді. Ал туристер көп барғыштайтын Италия, Австрия, Германия мемлекеттерінде еуромен «тыныстай» беруге болады. Бірақ одан ұтылып отырған  Италия жоқ.  Олар баяғыда-ақ өздерін мойындатып қойған. Олардың мәдениеті, ұлттық танымы ортақ ақша айналымына жұтылып кетпейді. Керісінше олар жасаған мәдениет пен өркениетті көру үшін сан мыңдаған адам жылдық табысын сол мемлекеттерге тастап кетуге дайын. Ал біз ортақ валютадан не ұтамыз? Біздің ұлттық валютамыздың жағдайы –мемлекеттік тіліміздің күйін кешейін деп тұр. Бұл күнде қазақтың тойын домбырасыз өткере беруге болады. Дәстүрлі әніміз бен өнерімізді ұмытып бара жатқан біз үшін төл теңгені ұмыта салу түк те қиын емес.  Сырттан келген ақпараттық соққылардың ұлттық болмысты ұмыттыруға негізделгені соншалықты біз ғаламданып бара жатырмыз деп мақтануға мәжбүрміз. Ал ғаламданнған адамға төл валютаның қажеті қанша? Мен үшін теңгенің құны түскен сайын, қазақтың құны түсіп бара жатқандай көрінеді. Астына басқаны алтын, аспанға шашқаны алтын қазақ- әлем үшін тым құнсыз. Оларды бір-біріне айдап салып, өтірік мақтап қоюға болады.  Иа, мұнай бағасы төмендеді. Алыптар айқасы үшін мұнайдың бағасының құлдырауы қажет болатын. Мұндайдың бағасын құлдыратпай, ислам әлеміне ауыр соққы жасау қиын болды. Саясаттың әлемдік салқыны біздің экономикаға да  тұмау болып жармасты. Әдеттегідей, дәрі өндіре алмайтын  мінезімізбен біз тұмаудан айығуда да Ресей жаққа жалтақтаймыз. Ал Ресей Ортақ валютаға көшетін кез келді деп отыр. Ортақ валютаға көшкенде де біздің ұлттық рухымыз мықты болуы тиіс. Теңгемізді өзіміз менсінбей тұрсақ, ол қолданыстан шығып қалады.

Айнұр Төлеу

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар