Девальвация тұмауы қырғыздарға да жұқты

/uploads/thumbnail/20170708193051554_small.jpg

Қазақстанның еркін валюталық айналымға көшу процессі көрші мемлекеттердің экономикасына да ықпал ете бастады. Бүгін қырғызстандық банктерде бірнеше сағаттың ішінде сом бағамы 5 пайызға құлдыраған. Бұл туралы «Қамшы» порталы Қырғызстан ҰБ-ның сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Сом өз деңгейінен айтарлықтай құлдыраған. Қазіргі таңда Қырғызстанда доллардың өсімі - 2,42%-ға, евро - 3,49%-ға көтерілсе,  рубльдің сомға шаққандағы бағасы 0,68%-ға,  теңге  бағасы 3,53%-ға артқан. Қарғызстандық айырбас пунктерінде сомның долларға шаққандағы курсы -  62,145-тан  63,65 сомға дейін көтерілген.

Қырғыз Республикасы Ұлттық банкі басқармасының мәліметінше қырғыз Жоғарғы кеңесінің қаулысы бойынша орташа экономикалық өсімді 8 пайызға дейін түсіру көзделген. Бұған елдегі инфляциялық өсімнің кешеуілдеуі себеп болып отыр. Мысалы, Қырғызстанда жарты жылдық есеп қорытындысы бойынша инфляциялық өсім – 5,0 пайызды құраған. Ал жыл басында бұл көрсеткіш 11,6 пайызды көрсеткен.

ЕАЭО елдеріндегі девальвациялардан кейін доллардың сомға шаққандағы бағамын Қырғыз Ұлттық банкінің рұқсатынсыз көтергендерге қатысты ҰБ мен Бішкек әкімшілігі арнайы рейдке шыққан. Нәтижесінде өз еркімен валюта бағасын көтерген 208 айырбас орнына анықталып, 25-іне ескерту жасалып, 12 протокол толтырылған және қалғандарына айыппұл салынған. Бағаны рұқсатсыз көтерген айырбас пунктерінің әрқайсысына – 43 500 сом көлемінде айып салынған.

Қазақстанның артын іле-шала қырғыз сомы да девальвация додасына түсуге құлықты екенін көрсеткендей. Жергілікті халық долларды – 64 сомнан сатып алып, 65 долларға сатуға көшкен. Десе де Қырғыз Республикасы ҰБ басқарма басшысы орынбасары Нурбек Жениш халықты сабырға шақырып, сом бағамының реттелетінін айтқанымен оған құлақ асқандар шамалы болып отыр.  Қырғыз Ұлттық банкінің басқарма төрағасы орынбасары Нурбек Жеништің пікірінше, сомның құлдырауына Қазақстанның вальюталық саясатын жедел өзгертуі себеп болып отыр.

Ал ресейлік саясаткерлер мен экономистер ЕАЭО елдері аясында бұл қаржылық қиындықтан шығудың жалғыз жолы – одақ аясында енгізілуі мүмкін деген  жаңа валюта – «алтын» деп отыр. Тіпті экономикалық одақ құрылар алдында сөз болған ортақ валюта Ресей және Қазақстандағы девальвациядан кейін жиі айтыла бастаған. Ресейлік экономистердің пікірінше, әуелі Ресейдегі кейін Қазақстандағы девальвация додасына ЕАЭО елдерінің тағы бірнешеуі қосылуы мүмкін деген болжамдар жасалған. Арада көп ұзамай жатып-ақ Қырғызстанның ұлттық валютасы да девальвациялануы мүмкін деген қауесет расқа айналды. Қаржылық қиындық енді Қырғызстанды да қос бүйірден алғандай, қырғыз сомы да девальвациядан құтылып кете алмады.

Қазіргі уақытта ЕАЭО елдері экономикалық тығырыққа бірінен соң бірі ілесіп келіп тіреліп жатқанынан-ақ, әу бастағы ортақ валюта туралы қауесеттің  расқа айналатынынан қауіптенуге себеп туып отыр.  ЕАЭО мен ЕЭК жасап отырған қаржылық саясаттағы өзгерістерді пайымдай келе, экономикалық одақты құрушылардың негізгі көздегені де сол болуы керек-ті деген ойға кетпесіңе шараң қалмайды. Ресей, Қазақстан және Қырғызстан. Девальвация додасының келесі ойыншысы кім? Армения? Әлде Белорусия?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

«Қамшы» сілтейді

 

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар