Арменияның Қазақстандағы елшілігі Қазақстан туралы даулы мақалаға пікір білдірді

/image/2020/11/03/crop-38_176_1089x1936_110624742700.jpg
Qamshy.kz сайтында армениялық делінген Аrmenianreport.соm басылымында жарияланған "Қазақстанның екіжүзділігі: бір одақ, бірақ әзербайжандар қымбаттырақ" атты мақала туралы ақпарат шыққан. Арменияның Қазақстандағы елшілігі Qamshy.kz порталына хабарласып, мақаладағы ойлар Арменияның ресми ұстанымына еш қатысы жоқ, ақпарат ресурсы фейк екенін мәлімдеп, ақпаратты өшіруді сұрады.
 
Елшіліктің Qamshy.kz порталына жолдаған хатында Аrmenianreport.com сайты "фейк" делініп, сайттағы ақпарат бұрмаланып берілгені, тап-таза дезинформация екені жазылған. Елшіліктің дерегінше, мақала авторы ретінде көрсетілген Тевос Аршакян есімді аналитик өмірде жоқ адам.
 
Арменияның Қазақстандағы елшілігінің facebook парақшасында жарияланған мәлімдемеде аталған сайт Әзербайжанда жасалғаны хабарланған.
 
Мәлімдемеде Әзербайжан Қазақстан аумағында армяндарға қарсы көңіл-күй қалыптастыру үшін фейк-сайтты қолдану арқылы кезекті рет арзан пропагандаға барып отырғаны, Тевос Аршакян есімімен бұған дейін де арандату сарынында көптеген материалдар шыққаны жазылған.
 
Qamshy.kz порталы Арменияның Қазақстандағы елшілігінің сұрауы бойынша Аrmenianreport.соm сайтында жарық көрген мақала туралы ақпаратты өшірді.
 
Ескерте кетейік, даулы мақалада автор Қазақстанды Армениямен ұжымдық келісім-шарт ұйымына мүшелік ететініне қарамастан, Таулы Карабах конфликтінде Әзербайжанды жақтап отыр деп айыптаған.
 
Сондай-ақ Қазақстанның Әзербайжандағы төтенше және өкілетті елшісі Сержан Әбдікәрімовтың Әзербайжанға сапарын "Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің арам ойнына араласу" деп бағалап, "әзербайжандардың берген алкоголі мен "алтыннан аптаймыз" деген уәдесінен кейін, елшінің тілі аузына сыймай алдын ала дайындап қойылған журналистерге сұхбат бере бастады" деп мәлімдеп Қазақстан елшісінің, сол арқылы Қазақстан Республикасының абырой-беделіне нұқсан келетін даулы мәлімдемелер айтқан.
 
Сонымен қатар мақалада Қазақстан Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің, Түркия президенті Режеп Эрдоғанның аяғын құшуға әзір тұратынын айтылып, бұл әрекеттер Қазақстанның Арменияға қарсы көңіл-күйін білдіреді деген пікір жеткізілген.
 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар