Н.Ә. Назарбаев: «Қазақстан мен «Ұлы дала елі» екеуі қатар жүрсе, дұрыс болады деп ойлаймын»

/uploads/thumbnail/20170708193219048_small.JPG

Мемлекет басшысы  «Конституция: бірлік, тұрақтылық, өркендеу» тақырыбын арқау еткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында ; «Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау арқылы қазақтың халық, ұлт ретінде аспаннан салбырап түспегенін бүкіл әлемге паш етіп отырмыз»,-деп айтып өтті. Бұл туралы «Қамшы» порталы Nur.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.

«Ең бастысы, өшіп бара жатқан қазақтың тілін, тарихы мен мәдениетін өркендетіп, өрісін кеңейттік. Мектептердің көпшілігінде, жоғары оқу орындарында сабақтар қазақ тілінде өтетін болды. Қазақ тілінде басылымдар, кітаптар шығарып, жер шарын түгел аралап, жинап, тарихымызды орнына келтіруге мүмкіншілік алдық. Өз тілімізді, дінімізді, ділімізді өркендете отырып, біз басқаларды кемітпедік, басқаларды төмендетпедік, қатар ұстап, олардың да құқықтарын сыйладық. Міне, біздің бірлігіміз, біздің тыныштығымыздың арқауы осы. Менің білуімше, біз «Ұлы дала елі» деп саналуымыз керек. Кейбіреулер «аспан асты еліміз» дейді, кейбіреулер «күншығыс еліміз», дейді. Біз ұлы даланың ұрпағымыз. Осы даланы біздің ата-бабамыз сақтап, қан төгіп, тер төгіп ұстап қалған. Қазақстан мен «Ұлы дала елі» екеуі қатар жүрсе, дұрыс болады деп ойлаймын. Қазақ мәдениеті мен тарихы еліміздегі барша ұлыстардың рухани ұйытқысына айналды, атап өткелі отырған Қазақ хандығының 550 жылдығы осының айқын көрінісі. Тіл, тарих және мәдениеттің үндесуі -біздің мызғымас рухани тірлігіміздің, ел бірлігінің негізі болғанын бәріміз көріп отырмыз. Ата-бабаларымыздың ұлы тарихы бар екенін алдымен ұрпағымызға, одан кейін бүкіл әлемге паш етіп отырмыз»- деді Елбасы өз сөзінде.

Мемлекет басшысының Қазақ хандығының 550 жылдығына қатысты бұл пікірі көптеген шенеуніктерге ой салады деген үміттеміз. Естеріңізде болса, «Қамшы» порталында   «Біра-ақ адамы ойлану қабілетіне ие елді білесіз бе?» деп аталатын материал жарық көрген болатын. Онда біз елбасы пікір білдірмеген қандайда бір мәселеге басқалардың да ой қоса қоюы екіталай дегенді меңзеген едік. Ендігі кезекте атқа мінгендер қазақтарды «Ұлы дала елінің ұрпақтары» деп айтудан тайсалмайтын шығар деген үміттеміз.

Айнұр Төлеу

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар