Expert Public Space платформасында онлайн режимде "Несие амнистиясы: бір реттік акция ма, әлде әлеуметтік қолдау құралы ма" тақырыбында талқы өтті. Тақырыпты таңдауға кредиттер бойынша төлемді кейінге қалдыру мерзімінің аяқталуы мен коронавирусқа байланысты жұмыссыздық артып, тұрғындар табысының төмендеуі факторлары түрткі болған, деп жазады forbes.kz.
Дискуссия модераторы Рустем Сабданалиев 2019 жылғы президент сайлауынан кейін несие амнистиясы жасалғанын еске салып, алда келе жатқан парламент сайлауы қарсаңында "Амнистии 2.0" акциясының жасалу ықтималдығы туралы сұрады.
Бұл сұраққа жауап берген экономист Данияр Молдоқанов 2019 жылғы ІІ тоқсанда мерзімі өткен несие мөлшері барлық кредиттердің 6,42 пайызын құрағанын, кредитті кешіру акциясынан кейін 5,5 пайызға түскенін атап өтті.
– Бұл 1 пайыздан сәл асатын төмендету қазақстандықтарға 120 млрд теңгеге түсті. 500 мың адам қамтылды, – деген ол кредит амнистиясын жасауға негіз бар екенін, бірақ банктер қиын жағдайға тап болмайтындай, тұрғындардың берешек бойынша жүктемесін жеңілдететіндей жасау керектігін алға тартты.
Экономист Айдархан Құсайнов кредитті кешіру "зияны көп әрекет" екенін айтты.
Пікір қалдыру