"Қазақстан Халық партиясының" өкілі Ғазиз Құлахметов соқыр тиын пайда әкелмеген ұлттық компанияларды түбімен құртып, әлеуметтік сақтандыру қорын тарату керек деп санайды.
– Қоғамның қозғаушы күші – халық. Оған осы күні бүкіл пәрменді шикізат секторынан ауыл шаруашылығының даму процестеріне, ғылымның қайта жандануына, өзге де өндіріс салаларын жетілдіруге жұмсағанымыз жөн болады. Жалпы квазимемлекеттік секторға толық ревизия жасалу керек. Соқыр тиын пайда әкелмеген ұлттық компанияларды түбімен құрту керек. Одан да ол ақшаны өзекті мәселеге жұмсайық. Әлеуметтік сақтандыру қорын да тарату керек. Оларға бөлінетін ақшаны пандемиямен күрескен мамандарға, медицина саласына жұмсауымыз керек. Көпшілікке сыры ашыла қоймаған салаларға жастарды жұмылдыру керек. Соған қарай бейімдеу керек, – деді ол.
Ғ.Құлахметов ауылды жерлердегі интернет мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, интернетті қазақтың әр ауылына жеткізетін мезгіл келді. Өркениетке бір қадам болса да жақындауымыз керек.
– Сондықтан, Қазақстан міндетті түрде модернизацияға қарай бет бұрғаны жөн. Тарихи-мәдени құндылықтарымызға, руханиятымызға ешбір саяси өзгерістер қауіп төндірмеуі керек. Ертеңнің қайыры – бүгінгі күнде. Соны ұмытпайық. Сондықтан да біз халықпен біргеміз деп айтқым келеді, – деді Құлахметов.
Пікір қалдыру