Мәжілісте "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасы таныстырылды, деп хабарлады мәжілістің баспасөз қызметі.
Заң жобасын таныстырған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов жоба бірнеше мәселені қамтитынын айтты.
Алдымен 1-топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын адамдарға жәрдемақы енгізу жоспарланып отыр. Жәрдемақы мөлшері 48 мың теңге. Мұнымен 24 мыңнан астам адамды қамту көзделуде.
Сондай-ақ өмір сүру мен денсаулық шектелуінің халықаралық сыныптамасына сәйкес 7 жастан 16 жасқа дейінгі балалар мүгедектік топтар бойынша бөлінбек. Осы арқылы сырқаттың ауырлық дәрежесіне байланысты жәрдемақы мөлшері сараланған түрде белгіленеді. Бұл ретте, баланың дене функциясының бұзылуы әртүрлі дәрежеде болуы мүмкін: орташа, айқын немесе өте айқын. Жаңа нормаға сай, мүгедек балаларды 7 жастан бастап мүгедектік топтары бойынша 1, 2 және 3 топтағы мүгедек бала деп бөлу ұсынылуда. Норма 31 мыңнан астам мүгедек балаға қатысты.
Мүгедектік топтары бойынша жәртемақы төлеу тәртібі төмендегідей болмақ:
- 1 топтағы 7 жастан 16 жасқа дейінгі мүгедек балаға 65 860 теңге;
- 7 жастан 16 жасқа дейінгі 2 топтағы мүгедек балаға 54 541 теңге;
- 7 жастан 16 жасқа дейінгі 3 топтағы мүгедек 48 023 теңге.
Заң жобасындағы кезекті жаңалық мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бірдей алу құқығын тағайындау.
Аталған норма енгізілген кезде 2 мыңнан астам бала мүгедектігі бойынша жәрдемақымен қоса (мөлшері 41 163 тг-ден 48 023 тг-ге дейін) асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы (мөлшері 12 063 тг-ден 29 500 тг-ге) алатын болады.
Қазіргі уақытта олар таңдауы бойынша жәрдемақының бір түрін ғана алып отыр.
Осы норманы қабылдаған жағдайда ата-анасының біреуінен айырылған он алты жасқа дейінгі мүгедек бала, мүгедектігі бойынша 48 023 теңге мөлшеріндегі жәрдемақыдан басқа, егер бір асырауындағы адам болып табылса, асыраушысынан айырылу бойынша 29 500 теңге мөлшерінде жәрдемақы алатын болады.
Сондай-ақ мүгедек баланы күту кезеңін 18 жасқа дейін ұзарту ұсынылып отыр. Қазір мүгедек баланы күту кезеңі 16 жасқа дейін. Бұл норма мүгедек балалардың жас топтарының өзгеруіне байланысты енгізіледі.
Пікір қалдыру