Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова биыл бірінші сыныпқа қабылдау электрондық форматта жүргізілетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
– Ата-аналардың өтініші бойынша 1-сыныпқа алты жасар және биыл 6-ға толатын балалар қабылданады. 2021-2022 оқу жылы 1-сыныпқа 340 мыңнан аса бала қабылдау жоспарланып отыр. Бірінші сынып оқушыларының құжаттарын қабылдау 1 сәуірде басталып, 1 тамызға дейін жалғасады. Құжаттарды egov.kz арқылы беруге болады, – деді вице-министр.
Құжаттарды тапсыру кезінде баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, бала денсаулығы паспорты, 3х4 көлеміндегі 2 фото болуы керек.
Сондай-ақ ол мектеп түлектерінің қорытынды аттестациясы қалай өтетінін түсіндірді.
9-сынып оқушылары 3 емтихан тапсыратын болады:
- оқыту тілі бойынша эссе нысанында жазбаша емтихан;
- математикадан (алгебрадан) жазбаша емтихан;
- өзге тілдерде оқитын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан және қазақ тілінде оқытатын сыныптардағы орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан.
11-сынып оқушылары 4 емтихан тапсырады:
- оқыту тілі бойынша эссе нысанында жазбаша емтихан;
- алгебра және анализ бастамалары пәнінен жазбаша емтихан;
- Қазақстан тарихынан тестілеу;
- өзге тілдерде оқытатын мектептерде қазақ тілінен және қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілінен тестілеу.
Пікір қалдыру