Айзада Жайыққызы Қазақ ұлттық унивеситеті журналистика факультетінің түлегі. Қазіргі таңда мамандығы бойынша Атырау қаласында қызмет етіп жүр. Ол жақында ғана Атырау қаласында жастар мен "даун синдромы" бар ерекше балаларға арналған "Молекула" орталығын ашты. Мақсаты – ата-аналарға балаларын тәрбиелеуде жәрдемдесіп, қоғам үшін пайдалы іспен шұғылдану.
"Молекула" орталығын ашуға Айзаданың бос уақытында сурет салу мен пазл ойын құрастыруды жақсы көретін ермегі себеп болған.
– Ауылда өскендіктен Атырау қаласында осыған дейін тұрып көрмеген едім. Мектеп бітіргенен кейін бірден Алматы қаласына оқуға кеттім. Оқу бітіріп келгеннен кейін Алматыдағы атмосфера мен шығармашылық ортаны аңсадым. Алғаш келген жылы бос уақытым өте көп болып, шығармашылықпен айналысатын орталықтар іздеп таппадым, – дейді Айзада.
Атырау қаласында таныстары мен достары аз болғандықтан, кейде жұмыстан шыққан соң қайда баратынын білген кездер де болған. Бірде Chevron компаниясының Startup идеялар байқауы өтіп жатқанын естіп, бағын сынап көргісі келеді.
– Қасымдағы құрбым "осы жобаға өтініш тастайық" деп ұсыныс білдірді. Атырауда жастарға арналған сурет салу орталығы жоқ екенін көріп, осы идея негізінде, соңғы күні үлгеріп, өтініш білдірдік, – дейді Атырау тұрғыны.
Айзада басында жобасы грант жеңіп алады деп ойламаған. "Ұтсам, ұттым, ұтпасам ештеңе етпес" деген оймен өтініш жолдаған. 1 айдан соң "сіз, біздің жобада финалға өттіңіз" деген хабарлама алған.
Финалға өткеннен кейін жоба ұйымдастырушыларымен 1 ай бойы жұмыс істейтін болып келісімге келген. 25 қатысушымен 3 апта бойы бизнеске қатысты түрлі сабақтарға қатысады.
– Соңында 25 қатысушыдан 3-еу ғана қалдық. Бізге 3000 АҚШ доллары көлемінде грант табыс етілді. Қысқасы, өзімнің бос уақытымда барғым келіп жүрген орталық осылай ашылды, – дейді Айзада.
Орталықта қазіргі таңда арт терапия маманы (құммен сурет салып, сол сурет арқылы балалардың ішкі жан дүниесін оқып білетін адам) және психолог жұмыс істейді.
Жақында логопед мамандығын қосу жоспарында бар. Өйткені бұл мамандық иелеріне сұраныс жоғары.
– Қазақстанда сурет салатын орталықтар бар. Ал біздің орталықтың ерекшелігі – құммен, суммен, гуашпен сурет салу арқылы адамдарды өнермен емдеу. Алдағы уақытта "музыка мен ертегі" сияқты емдеудің басқа салаларын қосқымыз келеді, – дейді ол.
Айзада орталыққа балаларын әкеліп жүрген ата-аналарының орталық қызметіне дән риза екенін айтады.
– Алғаш ашқан кезде "маған сеніп келіп отырған ата-ананың үмітін ақтай аламын ба?" деген қорықыныш болды. Мен мысалға өзімді, ересектерді алдауым мүмкін, бірақ баланы алдай алмайтынымды түсіндім. Біз жасап жатқан еңбек ақталып жатыр. Мәселен, бізде 5 жастағы гипербелсенді бала болды. Ата-анасы алғаш әкелгенде құмның үстінде 5 минут ғана отырды. Мамандардың қолын тістеп, ойыншықтарды шашып энергиясы тасып тұрғанын бірден байқатты. Біздің орталыққа 3 ай қатысқан соң құмда 40 минут отыратындай дәрежеге жетті. Бұндай өзгерістер бізге үлкен шабыт берді, – дейді Айзада.
"Молекула" орталығына "даун синдромы" бар ерекше балаларға тегін қызмет көрсетіледі. Олар үйінде араласатын орта болмағандықтан, осы арт терапия орталығына барып, сурет салып, өздерін еркін сезіне бастаған.
– Мені "Даун синдромына" шалдыққан балалардың жағдайы үнемі алаңдататын. Орталықты ашудағы мақсаттарымыздың бірі осы сырқатқа қалдыққан балалардың сауығысуына септігімізді тигізу еді. Атырауда балалар арасындағы Даун синдромы статистикасы өте жоғары. Әрі жағдай жылдан жылған күрделеніп барады. Қаплада 13 жасқа дейінгі ерекше балалардың орталықтары бар, кейде ол орталықтарға балалар сыймай да жатады. Содан мені "бұл балалар 13 жастан кейін қайда барады?" деген сұрақ қатты мазалады. Сондықтан орталығымызға келетіндердің жасын 13 пен 18 жас арасы деп бекеттім. Ата-аналар мен қала тұрғындарының пікірін естігенде "Молекула" орталығы бекер ашылмағанын түсінемін. Біздің елде арт терапия мамандары өте аз. Мысалы, менің арт терапия маманым мектепте сурет салудан сабақ береді. Осылай көп мамандар арнайы орталық болмағандықтан, жұмысын басқа жақта жалғастыруға мәжбүр. Бұл сала Ресейде өте жақсы дамыған. Ал Қазақстанға енді ғана келіп жатыр, – деп атап өткен Айзада "егер осындай орталықтар көбейсе, әркім өз мамандығында жұмыс жасайтын еді" дейді.
Әлемде 700 баланың біреуі Даун синдромымен туады. Ал Қазақстанда бұл дертке шалдыққан 12 мыңға жуық бала бар. Оның ішінде Атырау облысында 3720, Атырау қаласында 1722 бала осы сырқатқа шалдыққан. Мамандар Даун синдромы секілді түрлі дертке Атырау облысының экологиялық жағдайы да әсер етіп отырғанын айтады.
Мархаббат Ілияс
Пікір қалдыру