Nissan, Renault автоконцерндерін басқарған топ-менеджер Карлос Гон Би-би-сиге берген сұхбатында Жапониядан қалай қашып шыққаны туралы айтты.
Менеджер Nissan компаниясының шығындарын қысқартып, дағдарыстан алып шыққан. Ол автоөндіріс саласында танымал әрі сыйлы фигура саналады.
Карлос Гон 2018 жылғы қарашада жылдық жалақысын төмендетіп көрсетті, Nissan компаниясының қаржысын жеке мақсатқа пайдаланды деп айыпталып ұсталған. Ол өзіне тағылған айыппен келіспей, толықтай терістейді.
Карлос Гон өзінің ұсталуын "автобус қағып кеткендей" шок жағдай ретінде қабылдағанын айтады.
Ол біраз уақыт Токиодағы абақтады отырып, артынша 9 млн доллар кепілмен үй қамаққа шығарылған. Гон үшін сот процесі қашан өтері беймәлім болған. Бұл белгісіздік жылдарға созылуы мүмкін еді. Гон кінәлі деп танылса, 15 жылға бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұрды.
Гон үйқамақта отырғанда әйелі Кэролмен сөйлесуіне рұхсат етіліп, ол "осы сәтті пайдалану керек" деп шешеді.
– Жоспарға сай, мен түрімді көрсете алмаймын, сондықтан маған жасырынуға тура келді. Ал жасырынатын жалғыз жол – қорап немесе багаж ғана еді. Мен үлкен қорап ретінде кәдімгі музыкалық инструменттер салынатын қорапты қолдануды ең ақылға қонымды амал деп ойладым. Оның үстіне ол кезде Жапонияда көптеген концерттер өтіп жатқан, – дейді ол.
Карлос Гон алдымен Токиодан жүрдек пойыз арқылы Осака қаласына жетеді. Көрші қонақүйде дайындалып қойылған жәшік ішіне кіріп, ұшақ әуеге көтерілгенге дейін күтеді. Гон отырған жәшікті алдын ала келісіп қойған музыкант кейпіндегі әкелі-балалы америкалық Майкл мен Питер Тейлорлар қонақүйден алып шығып, жекеменшік ұшақ отырады.
Гон есебінше, ол ұшаққа дейін және ұшақтың әуеге көтерілгенін күтіп жәшік ішінде біржарым сағаттай болған. Оған осы бір жарым сағат уақыт бір жарым жылға созылғандай көрінген. Гон қорапқа отырғанда өткенді де, болашақ туралы да емес, тек қазіргі сәтті ғана ойлағанын айтады.
– Сіз мұндайда қорықпайсыз, еш эмоция болмайды. Тек мүмкіндікті уыстан шығарып алуға болмайтынына жан-тәніңмен дайындаласың. Егер мүмкіндікті жіберіп алсаң, оның құны өмірмен пара-пар екенін түсінесің, – дейді ол.
Жеке ұшақ кеден мен шекаралық процедуралардан айналып өтіп, Гонды Түркияға жеткізеді. Ары қарай ұшақты ауыстырып, келесі күні таңертең Гон Бейрутке қонады. Гонның Ливанға келуі кездейсоқ емес. Өйткені дәл осы Ливан мен Жапония арасында қылмыскерлерді экстрадициялау туралы келісім жоқ. Оның үстіне Гон ұлты бойынша – ливандық.
Ал оған қашуға көмектескен Майкл Тейлор мен оның ұлы Питерді АҚШ Жапония полициясына тапсырған. Олар Гонның қашуына көмектескені үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Карлос Гон өзіне қатысты іс бойынша өзге адамдар құқық жүйесінің құрбаны болып жатқанына өкініш білдіреді. Ол қашу әрекетін "жазадан қорыққандықтан қашпадым, әділетсіздіктен қаштым" деп түсіндіреді.
Пікір қалдыру