4 мыңға жуық қытай Қазақстанға жұмыс істеуге келген

/image/2021/09/30/crop-23_6_426x757_photo_45138.jpg
2021 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 16 114 шетелдік азамат жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асырып жатыр. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті.

Министрлік мәліметінше, шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаттардың ішінде төмендегідей санаттар бар: бірінші санат – 663 (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат – 3 279 (құрылымдық бөлімшелердің басшылары). Тартылған жұмыс күшінің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше 7 754 адам және 651 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға – 1 914 адам, ал корпоративтік ауыстыру шеңберінде – 1 853 адам тартылған.

Қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 790 жұмыс беруші бар. Оларда шамамен 494 мың Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл жалпы жұмысшылар санының 96%-ын құрайды.

Еңбек мигранттары шығатын негізгі елдер: Қытай – 3 837 адам, Түркия – 1 965 адам, Өзбекстан – 1 949 адам, Үндістан – 1 024 адам, Ұлыбритания – 949 адам.

Министрлік ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында жыл сайын елге шетелдік мамандарды тартуға арналған квота белгіленетінін, 2021 жылы квота мөлшері жұмыс күшіне шаққанда 0,31%-ды немесе 29,3 мың бірлікті құрағанын хабарлады.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар