Нуланд-Козак форматы. Ресей мен АҚШ арасы бұрынғыдан да нашарлай түседі

/image/2021/10/14/crop-13_3_523x929_bdd8be7ae47e175c2e91fa3a97a76b9f922d7462.jpg

Мәскеуге үш күндік сапармен АҚШ мемлекеттік департаментінің орынбасары, Украинаның АҚШ әкімшілігіндегі кураторы Виктория Нуланд келді.

Шегініс жасайық: Нуланд Обама әкімшілігі кезінде Минск процессінің кураторы болып Путиннің көмекшісі Сурковпен келіссөздер жүргізді, ол Нуланд-Сурков форматы ретінде тарихта қалды. Қазіргі кезде мемдеп-те Минск процессінің барлық нюансын Нуландтан артық білетін адам жоқ деуге болады.

Айта кету керек, Нуланд Сурковпен келіссөздерде қатаң позиция ұстанды, соның арқасында Украина өз жерлерін қайтара бастады, Донбасста БҰҰ бітімгершілік күштерін енгізу нақты талқыланды, оған тіпті Қазақстанның да кандидатурасы қарастырыла бастағаны есте қалыпты. Алайда билік басына Трамптың келуімен мұның бәрі аяқсыз қалды. Нуланд-Сурков форматы Помпео-Лавров форматымен алмасты.

Осыдан кейін-ақ Украинаның капитуляциясы басталды. Тең емес тұтқын алмасу, тең емес тыныштық режимі (украиндықтарға жауап оқ атуға тыйым салу), әскерді алдыңғы позициялардан алып кету, бірнеше елдімекендерді сепаратистерге тастап кету жағдайлары болды. Сөйтіп Украина президенті Зеленский Ақ үйге, Трамптың қабылдауына шақырту алуға тыраштанды. Сондағы естігені: "Зеленский ақылды жігіт, ол Путинмен келісімге келеді, сонда ғана Ақ үйге келуіне мүмкіндік туады" деген мүсіркеушілік сөз.

Байден келісімен бұрынғы статус-кво орнына келді. Нуланд Минск келісімін бастапқыда Украинада қалай түсінсе, солай түсінді. Ол қандай түсінік еді? Еске салып өтейік.

Ең алдымен РФ өзі басып алған жерлерді, яғни Луганск, Донецк облыстарының жерін толықтай босатып, шекараны украиндықтардың бақылауына қайтаруы керек. Тек содан кейін ғана ол облыстарда жергілікті билік органдарының сайлауы өтеді. Ол облыстарға ешқандай да ерекше статус берілмейді, Украина Конституциясын өзгерту тек қана украиндықтардың өз қолында!

Ал Ресей болса, өз әскерін шығармай-ақ, шекараны босатпай-ақ Луганск, Донецк облыстарында сайлау өткізуді, аталған екі облысқа ерекше статус беруді, ол үшін Украина Конституциясын өзгертіп оны федеративтік республика қылуды талап етеді.

Байқағанымыздай, РФ талаптары абсурд екені көрініп тұр. Алдымен тәуелсіз елді басып алады, ол үшін сепаратистерді қолына қару беріп құтыртады, артынан ерекше статус талап етеді?! Бұлардың бізге де жасайын деп жүргендері осы тақылеттес екенін кез келген ақылды, патриот адам түсінеді деген ойдамын.

Жақында РФ-ның бұрынғы президенті Медведевтің мақаласы жарық көрді. Онда ол Украинаға доң-айбат көрсетіп, қоқан-лоққы жасайды. "Украиндар сөзінде тұрмайды, біресе олай, біресе бұлай сөйлейді, Ақ үйдегі қожайындарының ығына жығылады" деп сес көрсетеді. Сонда Медведевтің ойынша украиндар тек қана Мәскеуге қалай тиімді болса солай жүруі керек екен. Иә, Зеленскийдің солқылдақ танытқаны рас, бірақ Украина Зеленский емес қой, оның өзінің елдік мүддесі бар, ол Зеленскийдің көзқарасымен үнемі сәйкес келе бермейді деген дұрысырақ болады. Ол бүгін бар, ертең жоқ дегендей.

Кеше Нуландтың Мәскеудегі кездесулері аяқталды. РФ БАҚ-тарындағы Нуланд туралы нешетүрлі өсектер мен оны жер қылу үшін жазылып жатқан мақалалар бір ғана нәрсені көрсетеді – Нуланд Мәскеу ойлаған жерден шықпаған, өзінің бірде-бір позициясынан шегінбеген, принципті мәселелерде ол қатаңдық танытқан. Рябковтың (РФ СІМ орынбасары) кешегі баспасөз мәслихатында айтқан: "РФ мен АҚШ арасы бұрынғыдан да нашарлай түседі, тағы да АҚШ тарапынан санкциялар салынуы мүмкін" дегені осы ойды нақтылай түседі.

Песковтың бүгінгі айтқанынан екі ел арасында айта қаларлықтай жақындасу болмағанын ұғуға болады. Ал Патрушевтің "АҚШ біздің Украинамен және Грузиямен ара-қатынасымызды бұзғысы келеді" дегені тіпті ащы мысқылдан басқа ештеңе де туғызбайды.

Ендеше Нуланд неге келді? Біріншіден, Байден-Путин кездесуінен бері төрт ай өтті, не өзгерді – соны тексеруге келді. Қорытындысы нөл, ештеңе де өзгермеген. Екіншіден, Помпео-Лавров форматы енді Нуланд-Козак форматына өзгеруі тиіс. Нуланд Минск келісімінің қазіргі кураторы Козакпен кездесті, яғни жаңа қарым-қатынас жолға қойылды. Нуландтың жұмысы бітті. Ол Ресейге ұнай ма, ұнамай ма, ол енді өздерінің шаруасы, солай емес пе?

Қуаныш Еділхантегі

Шолушы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар