Қазақстанда грант мен шәкіртақы тағайындауға өзгеріс енгізілуі мүмкін

/image/2021/10/14/crop-41_8_610x813_01.jpg

Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев білім гранттарын тағайындау мен шәкіртақы төлеу тәртібін өзгертуге байланысты үкімет басшысына ұсыныс жасады.

Сенатордың айтуынша, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан көптеген дарынды бала жоғары білімнен тыс қалып отыр. Ауылда педагог тапшылығы әлі де бар. Бір мұғалім физика, әдебиет және музыканы оқыта береді. Ауылдағы мектептің материалдық-техникалық базасы да мәз емес. Ал сауалнама кезінде ауыл балаларының біреуі де интернет жақсы істейді деп айтпаған. Соның салдарынан көбісі мемлекеттік грантқа өтпей жатады, ал ақылы бөлімге түсетін ақшасы жоқ.

– Парламент депутаттары білім және ғылым министрлігінің алдында ауыл мектептерінің түлектеріне аграрлық мамандықтарға түсу үшін ауылдық квотаны 30 пайыздан, кем дегенде, 50 пайызға дейін арттыру мәселесін көтеріп келеді. Бірақ бұл мәселе табанды түрде шешілмей отыр, – дейді ол. 

Күрішбаевтың айтуынша, дамыған елдерде жоғары оқу орындарында әлеуметтік осал топтар үшін оқу құны бөлек есептеледі.

– Шетелде оқуды төлеудің екі түрі бар. Барлығы үшін шартты құн және әлеуметтік осал топтардағы студенттерге арналған оқудың арнайы құны. Сонымен қатар көптеген университетте стипендия тағайындаудың басты талабы жай ғана үлгерім емес, отбасының табыс деңгейі де ескеріледі. Осындай және басқа да бағдарламалардың негізінде бұл мемлекеттерде әлеуметтік және материалдық жағдайына қарамастан, оқимын деген және іріктеуден өткен барлық жасқа жоғары білім алуға мүмкіндік берілген, – деді депутат. 

Қазақстанда грант ҰБТ нәтижесі бойынша беріледі. Ал әлеуметтік осал топтардың квотасы 5 пайыздан аспайды.

– Еліміздің білім гранттарын бөлу жүйесіне өзгеріс енгізетін уақыт жетті. Мемлекеттік гранттар мен стипендияларды тестілеу нәтижесі мен үлгерімнің негізінде ғана емес, сондай-ақ, мемлекеттің қолдауынсыз оқи алмайтындарға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында бөлген жөн. Бұл шаралар тұрмысы төмен отбасылардан шыққан жастардың мансаптық өсуіне әлеуметтік лифт болады, – деді Күрішбаев.

Осыған байланысты сенаттың бір топ депутаты үкімет басшысына ресми сауал жолдап, жазбаша түрде жауап беруді сұрады.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар