Пандемияға байланысты жоспарлы жүктілік, яғни баланы дүниеге есеппен әкелу өзекті бола түсті. Жоспарлы жүктілік – қазақ қоғамы үшін аса нәзік мәселе. Бұған байланысты қоғамда көзқарас қайшылығы көп.
30 жылдан астам тәжірибесі бар репродуктолог Салтанат Байқошқарова дүниеге дені сау бала әкелуді ойлайтын кез келген адам жүктілікті жоспарлауы керек екенін айтады.
– Жоспарлы жүктілікті қалай түсініп жүрміз?
– Сауатты адамдар жоспарлы жүктілікті дұрыс түсінеді. Бұл – бірінші кезекте ана мен баланың денсаулығын сақтауға көмектеседі. Қазақ қоғамында өкінішке қарай әлі күнге дейін жоспарлы жүктілікті бала санын шектеу деп қабылдайды. Жоспарлы жүктілік керісінше, жауапкершілікпен дені сау, саналы баланы дүниеге әкелу. Жалпы баланы жоспарлау мәселесі 1988 жылдан бастап талқыланған. Мен адамның ұрпағын өрбіту саласында 33 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Бұл – сол уақыттан бері көтеріліп келе жатқан өзекті тақырып.
Ресми дерекке сай, Қазақстан түсік жасату бойынша алдыңғы қатардағы елдерге кіреді. Еліміздегі әр алтыншы жүктіліктің соңы абортпен аяталады. Бұл – құрсақтағы баланы өлтіру ғой.
Еліміздегі 1000 жүкті әйелдің 23-і 15-19 жас аралығындағы жасөспірім қыздар. Олардың 15 пайызы кездейсоқ жүкті болып қалған соң түсік жасатады немесе жетімдер үйіне өткізеді. Одан қалса, далаға тастап кетіп жаткандарын да көріп жатырмыз. Өйткені психологиясы әлі толық жетілмеген, кәмелетке толмаған жүкті қыздар ата-аналарына айта алмайды. Жұрттың сөзінен қорқады. Оның үстіне түсік жасатқандар әртүрлі гинекологиялық ауруларға шалдығады. Қазір қыз-келіншектер ерте жастан климакс болып жатыр. Оған да осы түсік жасату себеп болуы мүмкін. Соның салдарынан қыздар арасында бедеулік жиіледі. Бізге бала көтеруге келетін әйелдердің 70-75 пайыздан астамы бұрын аборт жасаткандар. Осы көрсеткіш жылдан жылға азайып жатқан жоқ. Бұл да жүктілікті жоспарлай алмаудың салдары.
– Жоспарлы жүктілік шынымен де қазақи түсінікке жат, сорақы нәрсе ме?
– 90 жылдардың басында талай беделді ағаларымыз, жазушыларымыз жүктілікті жоспарлау дегенді "недеген сұмдық, бұл деген халық санын азайту ғой, құдай қанша бала берсе, сонша баланы дүниеге әкелу керек" дейтін. Негізінде жүктілікті жоспарлау ешқандай сорақылық емес, саналы дүние. Оның үстіне бұл – бұрыннан бар ұғым. Тіпті Абай атамыздың оныншы қара сөзінде отбасы құру мәселесі жазылған. Онда әр баланы дүниеге алып келгенде, оған ертең қандай тәрбие бере аламын, не бере аламын деп ойлану керек делінген.
– Жоспарлы жүктілікке байланысты жиі кездесетін стереотиптер мен мифтер қандай?
– Баланы жоспарлап дүние әкелу десең, көпшілік "әр баланың өз несібесі бар", бір қозы туса, бір жусан артық шығады" деп мақалдатып кетеді. Адамды малмен салыстыруға болмайды ғой. Малда сана жоқ, ол жүктілігін жоспарлай алмайды. Біздің малдан айырмашылығымыздың өзі санамыздың барында емес пе... Оның үстіне малға тек жем, шөп, жайлы жер болса жеткілікті.
Ал адам баласына көп нарсе қажет. Бала өмірге келгеннен кейін, мына өмірдегі бар қажеттіліктер берілуі керек. Мысалы тамақ, киім, баспана, білім сияқты. Оның үстіне қазір басекелестік заманы, барлығы бір-бірімен жарысады, салыстырады. Материалдық жағдай жетіспегендіктен, бала күйзеліске ұшырап, суицидке барып жататын жағдайларда кездесіп жатыр. Болашақ ата-аналар осыны ескеруі қажет.
Көп әйелдер бала керек деп денсаулығына қарамай туып жатады. Ондай жағдайлардың көбі ана немесе бала өлімімен аяқталады. Балалардың арасында кем дегенде 2 жыл болуы керек. Бір жыл баланы емізсе, екінші жылда әйел денсаулығын түзеуі керек.
Жақында "Капернаум" деген фильм көрдім. Сондағы басты кейіпкер Зейін деген 10 жасар баланың ата-анасы жағдайлары болмаса да баланы топырлатып туа береді. Бірінен соң бірін алып келеді. Дұрыс тәрбие болмаған сон, жаңағы бала оқымайды, кіп-кішкентай болып жұмыс істейді. Сөйтіп, қылмыс жасап түрмеге түседі. Сол кезде ол өзінің туған әке-шешесін сотқа береді. Не үшін десе, "мені дүниеге алып келгені үшін және енді бала тумасын, мен мына өмірде қорлықтан басқа нәрсе көрген жоқпын" дейді. Сол секілді, бала дүниеге өзі қалап келмейді, оны алып келген соң, тиісті жағдайын жасап, дұрыс тәрбие беру керек. Ол – әр ата-ананың міндеті.
– Жоспарлы жүктілік пандемия, әлеуметтік жағдай сияқты сыртқы факторларға байланысты туған қажеттілік пе?
– Жоспарлы жүктілік пандемия болмай жатып туған ұғым. Әрине, әлеуметтік жағдайға да қарау керек. Бала туатын кезде әр ата-ана "бұл баланы асырай аламыз ба, ертең қандай тәрбие береміз, қалай бағып, өсіреміз" деп ойлануы керек. 5-6 баланы дүниеге әкеліп, асырай алмай, үкіметке алақан жайып отырған қаншама көпбалалы отбасы бар. Әрине үкімет те көмектесуі керек, бірақ баланы бірінші кезекте әр ата-ана өзі үшін туы керек деп ойлаймын.
Иә, бұрын апаларымыз жағдайға қарамай-ақ 10-15 құрсақ көтерген, бірақ ол кездің балалары бір-бірінің киімін кие беретін. Бар нарсені жеп өсетін. Жоқшылықты көрсе де, біздің ата-аналарымыз қанағатшыл болып өсті.
Бірақ қазір заман басқа емес пе? Бүгіннің балалары өте талапшыл. Өйткені қазір барлығы ашық әрі қолжетімді. Бір-бірімен жарысып, қатардан қалғысы келмейді. Рухани құндылықтардан бұрын, дүниені ойлайтын уақыт болып кетті.
– Қазақ қоғамында әсіресе қазақтілді ортада жоспарлы жүктілікке байланысты біржақты жағымсыз көзқарас жиі кездеседі. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Бұл мәселеде біздің сауатымыз жетпей жатыр. Ата-аналар балаға жыныстық мәселеге байланысты ақпарат бере алмайды. Педагогтер да бұл тақырыптан қашады. Өйткені мектепте осыған байланысты арнайы сабақтар жүргізілмейді. Бұл тақырып айтылмаса, бала барлығын интернеттен көріп, біліп алады. Өйткені бүгінгі балаларды ата-ана мұғалім емес, ғаламтор тәрбиелеп жатыр. Соның салдарынан ерте жүктілік жылдан-жылға азаймай жатыр. Сол үшін мектептерде денсаулық сабағы болуы керек. Ата-ана осы мәселеде сауаттылығын арттырып, балаға дұрыс жағынан түсіндіру қажет деп ойлаймын. Сонда жоспарлы жүктілік деген ұғымға көзқарасымыз өзгеретін шығар.
Демограф Шынар Пазылбекқызының пікірінше, жоспарлы жүктілік кезінде материалдық жағдайға шектен тыс мән беру бала санын шектеуге ұласып кетуі мүмкін. Ал бала тууды шектеу біршама уақытқа жалғасса, ол жаппай сипатқа ие болуы ықтимал.
– Демография ғылымында, демографиялық ауысым теориясы бар. Ол бірнеше сатыдан тұрады. Бұл – алғашқы қауымдық құрылыс, адамзат баласы жер бетіне пайда болғаннан басталған. Ол кезде туу, өлім-жітім көрсеткіші де жоғары деңгейде болды. Біз қазір ол кезеңнен өттік. Келе-келе "Отбасы жоспарлау" ұғымы пайда болды. Қазір Батыс, Шығыс Еуропа, Солтүстік Америка сынды елдер демографиялық ауысымның екінші сатысында тұр. Осы елдерде көп бала дүниеге әкелу сирек кездеседі. Әрине, олар бұл ретте өздерінің материалдық жағдайларына, өмірлік жоспарына қарайды. Яғни бірінші орынға баланы емес, басқа да құндылықтарды жоғары қояды. Ал бұл бала санын шектеуге, сәйкесінше, халықтың азайуына әсер етеді.
Мәселен, Қытай халық санының көбейіп кетуіне байланысты 1979 жылы "бір отбасы – бір бала" саясатын енгізген. Алайда туу көрсеткіші тым төмендеп кеткендіктен, 2016 жылы бұл саясаттан бас тартты. Биыл тіпті үшінші баланы өмірге әкелуге рұқсат берді. Бірақ халық сол бір балаға үйреніп қалған. Бүгінде үлкен жанұяны қалайтын жастар өте аз, бауырсыз өскен, шағын отбасыға үйреніп қалған қытайлықтардың тұтас буыны қалыптасқан. Жастар отбасылық табысты бірнеше бала арасында бөлгенше, бір балаға барынша назар аударуды құп көреді. Осындай уақытша шектеулер, бала санының шектелуіне алып келуі мүмкін, – дейді демограф.
"Жоспарлы жүктілік" туралы қала тұрғындарының да пікірін білдік. Орта жастағылардың көпшілігі материалдық жағдайға байланысты баланы жоспарлау дұрыс десе, егде жастағылар жүктілікті жоспарлаудың қажеті жоқ деп санайды.
Пікір қалдыру