Қандай ән тыңдап жүрсіз?

/image/2021/11/26/crop-106_34_305x406_112429963500.jpg

Қандай ән тыңдап жүрсіз? Қазір әннің түрі шығып кеткені жасырын емес. Жап-жақсы әндерді табу үшін көп ән тыңдау керек. Көп тыңдай бастасақ, әуені мен сөзінен шошып кетіп, сол жерден тоқтата саламыз кейде. Расымен, қазіргі қазақ эстрадасы тоқырау кезеңін бастан кешіріп жатқан секілді. Тыңдарманның жүрегіне оңай жол тапқан заманауи әндер мен  арзан той әндері инкубатордың балапанындай қаптап кетті. Бүгінгі тыңдарман той әндерін музыканың әншілік шыңы дейтіндей жағдайға жетіп қалды.

Қазіргі хит шерудің басында жүрген әндер ойландыра ма? Тек билеуге арналғандай. Қай көлікке, қай автобус пен таксиге мінсең де біртүрлі әндер ойнап тұрады. Тойдағы әндерге тек билеу болмаса, мән-мағына іздеудің өзі артық.  Жаңа заман жастарының тыңдайтын әуендеріне зер салсақ, кілең тарс-тұрс дерсің. Сөздеріне қарасаң, түсінетінің аз ғана сөздер. «Қандай ән тыңдап жүрсің?» деп сұрақ қойып көрсек, қазіргі стильде тыңдаймын деп жауап алатынымыз айдан анық. Бірақ ол стильдің қандай стиль екенін бағамдау қиын... Шоуға толы бағдарламаларды жасайтындар қазақ әнінің қадірін кетіріп бітті деген пікірлер  бар. Эстрададағы құр айқайға құлақ та үйренген қазір. Дәстүрлі әншілер мен эстрада әншілері бір-бірімен сөз таластырып жүргенде,  k-pop әншілері мен мүлдем басқа бағыттағы әншілер алға шығып кетті... Жастардың арасында танымал, сұранысқа ие, заманауи әндерді заман ағымы деп қарастырғанымыз абзал. Қазіргі әндердің тақырыбына шек жоқ. Сол заманауи әндер елдің құлағына тез жетіп, таралуы мезетте болып тұр әйтеуір.

"Сенің мойныңда менің іздерім" деген секілді жолдарға не деріңді де білмейсің. Айтарға сөз жоқ. Сонда поэзияның құдіреті, талғам, эстетика, көркемдік деген дүниелер қайда? Трендте жүрген «Ол қыз» деген ән бар. Әрине, ән деп айтуға келсе.

«Ол қыз

Кетті лақты ол тыңдамай неге

Бидің үстіне би сұрайд неге

Ол қыз, ол қыз

Әкесі білсе оның құлағынан бұрайды

Шешесі біліп қалып қаншық деп сабалайды

Кетемін үйден сендер түсінбейсіңдер мені

Деп өзінікін қуып шәйіп ол айқайлайды».

Осы әндер хит қазір.

Одан кейін қазіргі трендте «көйлектер» жүр. «Ақ көйлек киген, көк көйлек киген», «Жылтыр көйлек», «Сенің күлгін көйлегің» деп кете береді. “Көңілің кең диапазонындай фортепианоның” деген біртүрлі теңеуді де кездестіресің кей әндерден. .

«Сағынсаң төркініңе барып кел, барып кел.

Бірақ та келеріңде анау-мынау алып кел...» деп келетін әнді тыңдасаң, күлеріңді иә жыларыңды білмейсің. Айта алмай жүрген өтініштерін әнге қосқандары қалай?  Стилі бөлек әндерде не мағына, не мән жоқ, не ән деуге қимайсың, құдды бір тақпақ сияқты. Зарлайды да жатады біреулер, «мен сені сүйдім, сен сүймедің» деген санасулар көп. Бүгін тыңдайсың, ертең ұмытасың.  «Девочка из Караганда» секілді әндерде сөздердің жартысы қазақ, жартысы орыс тілінде. Бір әнде бірнеше тіл қабаттасып жүреді. Жөнсіз қайталаулар көп.

Ести қалсаң, естеліктеріңді еске түсіретін, еріксіз шаттыққа бөлейтін, мәні мен сәні жарасқан әндер өткен күндердің еншісінде қала бере ме? Қазіргілер ескірмейтін әндерді емес, жеңіл-желпі әндерді жазуға құмар. Ал олардың ғұмыры қаншалықты ұзақ? Таза өнер мен халтураны шатастырып, тыңдарманның талғамына әсер етіп жатқанын өздері байқамайды немесе байқамағансиды.   

Қазіргі ән әлемі жайлы, көшірме  әндер жайлы фольклортанушы Берік Жүсіпов ағамыздан сұрап көргенімізде: «Осы жайында, мұнан басқа, соның аясындағы сан тарау мәселе туралы 30 жыл көлемінде айтып-айтып болғанбыз. Шынымды айтсам, қазір менің жауабым сарқылды. Өнер мен ғылымның қай саласында болсын, танымның тас-талқаны шықты. Басты себеп - осы! Енді оны қайта қылыптастыру оңай емес. Олай болса, қолдағы барды қолдануға тура келеді. Оған көнгіміз келмейді екен, ұлттық идеология тетіктерін қайта қарау қажет!», - деген жауап алдық.

Ал әнші Ғани Мәтебаев: «Қазір ән көп, әнші көп, ақын көп, сазгер көп дейді. Олар бұрында да болған. Тек бұрын ақпараттандыру болмаған. Қазір кез келген адам өз өнімін әлеуметтік желі арқылы оңай таныстыра алады. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» деп Абай айтқан заман  қазіргі заман деп ойлаймын. Жеңіл-желпі әндер де солай. Бұрында да болған. Тек бұрын таратуға жол берілмеген. Теледидарда, радиода жүру деген болмаған, тек ауыздан ауызға, көшеден көшеге тарағаны болмаса. Жаппай хит болуға шамасы жетпейтін ол кезде. Қазір таңдау көп. Сен осы әншіні тыңдайсың деген заман өткен. Қабылдағаннан басқа жол жоқ-ау».- дейді.

Өзгенің қаңсығын таңсық көруге дайын тұрамыз-ау. Өз құндылығымызбен байланысты дүние жасалса, бүгін бағасы болмаса да, келер ұрпақтың, ұлттың алдында кім-кімнің де ар-ұяты таза болар еді... Ендігі жерде шын өнерпаздар өзара бірігіп, ұлт руханиятына зиян тигізер әндермен күресуді қолға алса деген ниет бар. Заң керек, тыйым керек дегенімізбен, оның орындалатынына да күмән бар. Сұрыптау жоқ жерде құрық пен жүгенді  кімнен сұрарымызды да білмей қалмасақ болғаны... Өнердің шынайы келбетін, табиғатын көрсететін әдемі әндер осы келеңсіз құбылыстың көлеңкесінде қалып қоймаса деген қорқыныш сауатты, сапалы, кәсіби әндер мәңгілікке жоғалды дегенді білдірмейді бірақ. Сапалы музыкалық шығармалардың иелері бар кезде, ұйқастары тәп-тәуір ақындар бар кезде, есті әнді іздеп жүріп тыңдайтындар бар кезде дені дұрыс әндер ешқашан өлмек емес.

"Музыка - адамның жанын емдейді" дегенді ескерсек, ол  әсем, сұлу, әдемі болуы заңдылық. Сөз жазатын ақындар мәдениет, этика мәселесін ұмытпаса екен деген ой. Ал, талғам, тақырып тоқырап жатса тоқтай салу үшін артық ештеңе керек емес ғой... .  

 

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар