"Билік бұлай жасайды деп ойламадық". Жаңаөзен оқиғасы туралы фильм таныстырылымы өтті

/image/2021/12/10/crop-241_217_318x566_whatsapp-image-2021-12-10-at-18.18.12.jpeg

Алматыда Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның баспасөз залында "Жаңаөзен. Қанды қырғынға 10 жыл" деректі фильмінің презентациясы болды. Фильмді азаматтық белсенді, Демократиялық партия бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамай әзірлеген.

Бұған дейін фильм таныстырылымы 11 желтоқсан күні Алматыдағы "Астана" қонақүйінде өтеді деп хабарланған. Алайда бүгін таңертең Жанболат Мамай "Астана" қонақүйі таныстырылымды өткізуден бас тартқанын мәлім етті. Сөзінше, қонақүй әкімшілігі бас тарту себебін Ресейде коронавирустың жаңа Омикрон штаммы анықталуына байланысты сақтық шарасы деп деп түсіндірген. Белсенді бас тартудың негізгі себебі бұл емес, оның артында билік әрекеті тұрған болуы мүмкін деп санайды. 

Жанболат Мамай "тұсаукесерді өткізу бойынша өзге қонақүйлермен келісіп көруге тырысқанымыздан еш нәтиже шықпады, олар ат тонын ала қашты" деп отыр.

Ақыры таныстырылым датасы бір күнге жылжытылып, Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның баспасөз залында өткізілді. Презентацияға 30-дан астам адам жиналды.

Жанболат Мамай фильмді әзірлеу барысында 2011 жылғы 16 желтоқсанда Жаңаөзенде болған оқиғаларға қатысқан, бел ортасында жүрген, сотталған, оқ тиіп жараланған, азапталған 20-дан астам адаммен сөйлескенін, фильмге соның бірқатары енгізілгенін айтады.

Фото: Qamshy.kz

Қақтығыс болған күні алаңда болып, Жаңаөзен оқиғасынан кейін 3 жылға сотталған мұнайшы Мұратбай Жұмағалиевтың сөзінше, мұнайшылар наразылығының жетінші айы - 16 желтоқсан қарсаңында арандату әрекеттері жиілеген. 15 желтоқсанда әлдекімдер алаңға мұнайшыларға қарай шала мүжілген сүйек лақтырып, сол арқылы алаңдағы адамдарды ашуландырмақ болған. Ал 16 желтоқсанда "Өзенмұнайгаз" формасындағы адамдар алаңды қирата бастап, соңы полициямен қақтығысқа, полицияның оқу атуына, ұрып-соғуына ұласқан. "Билік бұлай жасайды деп ойламадық" дейді ол.

Оқиға қатысушысы Нұржан Наренов 16 желтоқсан қарсаңында билік мұнайшылар ереуілінін таратуға барынша тырысқанын, қақтығыс басталарда мұнайшы киіміндегі 200-дей адам келіп, тәртіпсіздік ұйымдастырғанын жеткізді. Тәртіпсіздік кезінде мұнайшылар киіміндегі адамдар ереуілшілердің арасына кіріп кетіп, "кімнің кім екенін айырып болмайсың" деген ол артынша атыс басталғанын еске алады.

Фильмде сол күні алаңда болған, қамалып, сотталып шыққан адамдар, зардап шеккендердің туыстары сөйлеп, алаңдағы, одан кейінгі тергеу кезіндегі оқиғалар туралы, тергеу органдары адамдарды қалай азаптағаны туралы айтады.

Фото: Qamshy.kz

Жанболат Мамай деректі фильм ертең, 11 желтоқсан күні "Демократиялық партияны" youtube каналына жүктелетінін мәлім етті.

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында жалақы мәселесін айтып, жеті ай бойы алаңда наразылық білдірген мұнайшыларға 2011 жылғы 16 желтоқсанда полиция оқ атып, ереуілді күшпен басқан. Соның салдарынан 17 адам қаза тауып, 100-ден астам адам жараланған.

Жаңаөзен ісі бойынша жүрген сот процестерінің нәтижесі бойынша мұнайшыларға оқ атқаны үшін 5 полицей 5 жылдан 7 жылға дейін сотталған. Сондай-ақ 37 адамға "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" айыбы тағылып, олардың 13-і үш пен жеті жыл аралығындағы мерзімге сотталған. 21 адамға шартты жаза кесілсе, 3-еу ақталғанып шыққан.

Қоғамда Жаңаөзен оқиғасының шындығы ашылмады, оған тарихи баға берілмеді, қақтығысқа кінәлі, оқ атуға бұйрық берген адамдар заң алдында жауап бермеді деген пікір бар.

Билік болса, бұл тақырып туралы көп айта бермейді. Тек жуырда елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жаңаөзен оқиғасына шетелдегі банкир Мұхтар Әблязовты кінәлайтынын жеткізді. Ол М.Әблязовты мереке күні адамдарға ақша беріп, мұнайшылар киімін кигізіп адамдарға шабуыл ұйымдастырған деп айыптады. М.Әблязов өз кезегінде Жаңаөзен қырғыны үшін Н.Назарбаевты кінәлайды.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар