Өткен аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламент мәжілісі отырысында көлемді баяндама жасап, сөз соңын "Енді, Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады. Бұл – шынайы жаңару кезеңі болады" деп аяқтады. Сол жолға түсуде қоғамның талап-тілегіне, халықты мазалайтын мәселелерге, шиеленіс нүктелеріне сарап жүргізіліп, соны шешу жолдары қарастырылатыны хақ. Сол ізденіс кезінде осыған дейн сан мәрте көтерілген Ұйғыр ауданының атын өзгерту мәселесі назардан тыс қалмауға тиіс.
Жоғарыда шиеленіс нүктесі тіркесі тегін қолданылып тұрған жоқ. Ұйғыр ауданы Қазақстандағы ықтималды шиеленіс нүктелерінің бірі. Ол соңғы жылдары айқын байқала бастады. Қазақстанда кейінгі екі жылда екі ұлтаралық кикілжің болды. Қордай қақтығысында 11 адам қаза тауып, 100-ден астам үй мен көлік қираса, Ұйғыр ауданындағы қазақ-ұйғыр жігіттері төбелесінің салдарынан бірнеше адам пышақ жарақатын алды. Қордайдағы жағдай тұрақталғанымен, Ұйғыр ауданындағы жанжал жалыны толық сөнген жоқ. Мұны халықтың сөзін өз аузынан естігеннен кейін айтып отырмыз. Дүрліккен халықты сол кезде Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталовтың "аудан атын ауыстыру туралы ұсыныстарыңызды жоғарыға жеткіземін" деген уәдесі де тоқтатқан-ды. Әкім ауысқанымен мәселе шешілмей қалып қойды.
Жуырда мәселе тағы көтерілді. Бірқатар белгілі өнер, мәдениет, қоғам қайраткерлері торқалы той – тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында "билік бір этносқа аудан аты арқылы басымдық бермей, ҚР Ата-Заңында көрсетілгендей барша қазақстандықтарға теңдей көзқарастағы саясат жүргізуі керек" деп талап қойды. "Жалпы кез келген ұлттың атын ресми түрде аудан, қалаға беру қате. Бұл сол ұлттың бөлектенуіне, өзгешеленуіне, тіпті иемденуіне жетерлік себеп" деп мәселенің тағы бір қырын ашып бергендер болды. "Әр облыста жаппай ұлт атымен аталатын аудан жоқ" деп дерек-дәйек те келдірілді.
Осылардың өзі-ақ аудан атын ауыстыру қандай өзекті екенін көрсетіп тұр емес пе?! Расында да ертең әр облыста шоғырланған түрлі этностар бір-бірден аудан құрып беруді я болмаса тұрып жатқан жерін өз этностарының атымен атауды сұрап жатса, оларға не айтамыз? Әлде бәрінің тілегін орындаймыз ба? Онда елдің біртұтастығы қайда қалады? Тіпті бас тартып жатқан жағдайда оны қалай түсіндіреміз? Аудан аты тек ұйғыр ұлтының атымен ғана аталуы керек дейміз бе? Ол этнос өкілдері тең құқықты Қазақстанда өзін біреуден кем сезініп жүрмей ме?
Ұйғыр ауданында дау-дамай әлі күнге дейін дүркін-дүркін болып тұрады. Жуырда ғана қазақ ақыны Мұқағали мен ұйғыр ақыны Бахтияға қойылғалы жатқан сәулет композициясының жобасы біраз айтыс-тартыс тудырды.
Айта берсе, аудандағы тұрмыстық, әлеуметтік мәселелер аз емес. Алайда басты түйіткіл тарқатылмаған соң мәселенің ұлтаралық сипат алып кетуі оп-оңай.
Қазақстан соңғы жылдары бұрын соңды болмаған қантөгіс оқиғаларды бастан өткерді. Қаңтар басындағы қырғыннан кейін ел толық есін жия алған жоқ. Бізге кезекті трагедия керек емес. Көптің тілеуі ескеріліп, Ұйғыр ауданының атын өзгертетін кез келді.
Пікір қалдыру