Қазақстандық Forbes жасаған елдегі ең бай адамдар тізімінде екінші орында тұрған миллиардер Вячеслав Ким "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры директорлар кеңесінің құрамынан шықты. Бұл туралы Forbes.kz басылымы хабарлады.
Басылым Вячеслав Ким кеңестен өз еркімен кеткенін жазады.
Ким кеткеннен кейін директорлар кеңесі құрамының сапында Джон Дудас, Онг Бун Хви, Лука Сутера, Алмасадам Сәтқалиев, Данияр Ақышев, Әлібек Қуантыров қалды.
Вячеслав Ким – Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы және акционері. Оған компанияның 24,13 пайыз акциясы тиесілі. 2021 жылы Forbes миллиардерлерінің жаһандық тізіміне енген. Ол 4 миллиард 200 миллион доллар байлықпен тізімде 925 болып орналасқан.
Бизнесменге сондай-ақ "Алсеко" АҚ-ның 90 пайызы тиесілі. Ол жерде бақылаушы кеңес мүшесі.
Бұдан бөлек ол көптеген қорларға, мектептерге иелік етеді.
Вячеслав Кимнің экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевпен, оның әулеті мүшелерімен байланысы туралы, олардың жақын адамы екені жайлы БАҚ беттерінде көптеген ақпарат шыққан.
Кезінде экс-президенттің туысы Қайрат Сатыбалды Кимнің Kaspi банктегі бизнес серіктесі әрі акционерлердің бірі болған. Ресми деректерде Қайрат Сатыбалды үлесін 2018 жылы сатып жібергені айтылады.
Пікір қалдыру