Австралиялық ғалымдар Құс жолы галактикасынан бұрын-соңды байқалған ештеңеге ұқсамайтын белгісіз нысанды тапқанын жариялады.
Алғаш рет студент ашқан нысан әр 18 минут сайын жойқын радиоэнергия бөлетіні байқалды.
Зерттеу тобы көбірек мәлімет жинау үшін жұмыс істеп жатқанын айтады.
Бұл нысанды алғаш рет Кертин университетінің құрметті студенті Тайрон О'Доэрти Батыс Австралияда телескоп пен өзі әзірлеген жаңа техниканы пайдалану арқылы ашқан.
"Мүлдем күтпеген жағдай болды. Бұл – астрономдар үшін таңғаларлық байқау, өйткені бұған дейін ғарышта оған ұқсайтын ештеңе белгілі емес" дейді Кертин университетіндегі астрофизик доктор Наташа Херли-Уолкер.
Зерттеу тобы жылдар бойы деректерді зерттегеннен кейін нысанның Жерден 4000 жарық жылы қашықтықта орналасқанын, онда керемет жарық және өте күшті магнит өрісі бар екенін анықтады.
Нысанның не үшін ерекше екені жұмбақ күйінде қалып отыр.
Доктор Херли-Уолкер "бұл – сирек кездесетін бір реттік оқиға" немесе адамзат "бұрын-соңды байқамаған үлкен жаңа популяция" болуы ықтимал деген пікір айтады. Ол тағы жаңа нысан құпиясының ашылуына асығатынын жеткізді.
Пікір қалдыру