Ресей президенті Владимир Путин кеше "Донецк халықтық республикасы" мен "Луганск халықтық республикасының" егемендігі мен тәуелсіздігін мойындау туралы жарлыққа қол қойды. Ал Украина мен батыс елдері Ресей әрекетін Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзу деп бағалайды. Төменде баспасөз бен әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан "ДХР", "ЛХР" қалай пайда болып, қандай жағдайда құрылғаны туралы қысқаша ақпарат ұсынылған.
"Донецк халықтық республикасы" мен "Луганск халықтық республикасы" – Украинаның шығысында орналасқан Донбасс аймағына кіретін Донецк және Луганск облыстары аумағында өзін тәуелсіз деп жариялаған сепаратистік мемлекет. 2014 жылы Украинадағы саяси дағдарыс барысында жаңа үкіметке қарсылық ретінде пайда болған. Тәуелсіздіктерін 2014 жылғы 12 мамырда жариялаған. Содан бері кешегі күнге дейін олардың тәуелсіздігін ішінара тәуелсіз деп танылған Оңтүстік Осетия республикасы ғана мойындаған. Біріккен ұлттар ұйымы, Еуро одақ, Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы секілді халықаралық беделді ұйымдардың ешбірі сепаратистік республикалардың тәуелсіздігін мойындамаған.
"Луганск халықтық республикасы" тәуелсіздігін жариялаған соң Ресей құрамына кіруге ниет білдіріп, "Донецк халықтық республикасымен" конфедеративтік "Жаңаресей" мемлекетін құру бойынша келісімге келген. Алайда Минск келісімін жүзеге асыру үшін уағдаластық уақытша тоқтатылған.
Ал ДХР билігі Украина билігін Донбасста "бейбіт тұрғындарды қырған" "қылмыстық режим" деп таниды.
Қос елде де жоғары лауазым иесі, атқарушы билік жетекшісі – елдің басшысы саналады. Мемлекеттік институттар толық жасақталып болмаған.
"ДХР"-да 2 млн 200 мыңнан астам, "ЛХР"-да 1 млн 400 мыңнан астам адам тұрады. Халқының басым бөлігін украиндер мен орыстар құрайды. Қос елде де жалғыз мемлекеттік тіл – орыс тілі.
Украина билігі сепаратистік мемлекеттерді Ресей федерациясы басып алған Донецк және Луганск облыстарының бір бөлігі деп таниды. Ресей болса, Донбасстағы қарулы қақтығысқа қатысы барын жоққа шығарады. Украина конституциясына сай, "ДХР" мен "ЛХР" иелік ететін аумақ Украинаның мемлекеттік егемендігі әрекет ететін аймақ болып саналады. Қазіргі уақытта сепаратистік республикалар бұрынғы Донецк пен Луганск облыстары аумағының үштен бір бөлігін бақылайды. Өздері екі облыс аумағына тұтас иелік етеміз деп есептейді. Қос республика да Украинада террористік деп танылған.
Донбасстағы жағдай шешілмеген конфликт ретінде жиі сипатталады.
Пікір қалдыру