Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев 23 ақпанда утилизациялық алым көлемі анықталатынын мәлімдеді.
– Ертең автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникаларына утилизациялық алым ставкалары жарияланады. Ал аударылған ақша бойынша, ақпарат бәріне белгілі. "ӨКМ операторының" есепшоттарында, "ӨКМ операторының" ЕДБ шоттарында шамамен 220 миллиард теңге бар. Ол қаулы бойынша, "Жасыл Даму" АҚ-қа берілген, – деді Серікқали Брекешев.
Қоғамда утильалым мөлшерінің жоғары болуына байланысты наразылық көп.
Жуырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке утилизациялық алым ставкасын қайта қарауды және "Оператор "РОП-тың" қызметін тоқтатуды тапсырған. Ашық дереккөздерде "Оператор "РОП" экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаеваға тиесілі екені айтылады.
19 қаңтарда үкімет "ӨКМ Операторы" ЖШС-ның (Оператор РОП) қызметін тоқтатып, өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін, әкімшілендіру функцияларын мемлекеттік ұйым – "Жасыл даму" АҚ орындайтынын хабарлаған. Ұзамай журналист Вадим Борейко утильалым жинайтын жаңа ұйым ретінде белгіленген "Жасыл даму" акционерлік қоғамына бұрынғы оператор "РОП"-тың қожайыны, экс-президент Н.Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаеваның қатысы бар екені туралы жазды. Бұған қатысты үкімет реакция танытқан жоқ.
Пікір қалдыру