Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік ТКШ саласын басқарудың тиімді құралына айнала алады

/uploads/thumbnail/20170708195611943_small.jpg

Бүгінгі әлемдік дағдарыс ахуалы біздің күнделікті тіршілігіміздің барлық дерлік маңызды салаларындағы тұрақсыздығына өз өрнегін салып отыр. Бір жағынан геосаяси жағдайлар шиеленісе түсіп отырған қазіргі күні жаһандық бәсекеге қабілеттілік ауқымы кеңейіп, әлемдік экономикалық дағдарыс күшейе түсуде, ұлттық валюталардың тұрақсыздығы туындап, жұмыссыздық жағадан алып жатыр. Бұл туралы "Қамшы" порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Мұндай жағдайда Қазақстан үшін экономикалық инфрақұрылымының базалық негіздерін ғылыми қамтымды өндіріспен толықтыру арқылы жаңғырту қажет, өйткені бұл отандық тауарлар мен қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін көтеруге мүмкіндіктер бермек. Бұл ретте тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту, аталған салаға жаңа технологиялар мен механизмдер енгізу аса маңызды бағыттың бірінен саналады. Осыған байланысты «Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік» қазақстандық орталығының Корпоративтік хатшысы Рысдәулет Нұрбек «Нұрлы жол» бағдарламасының ТКШ саласындағы басымдықтары туралы пікірін білдірген болатын. 

Мемлекет басшысы Н. Назарбаев өзінің «Нұрлы жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында әлемдік экономика бұған дейінгі жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан арыла алмай жатып жаңа қауіп-қатерлермен бетпе-бет келгенін айтқан еді. Кейбір аймақтарда қалпына келу қарқыны тым мардымсыз жүріп жатса, кейбір өңірлерде  құлдырау әлі де жалғасуда. Сонымен қатар, геосаяси дағдарыстар мен әлемнің жетекші державалары арасындағы санкциялық саясаттың жаңа бағытта өрбуі әлемдік экономиканың тұрақтануы жолына қосымша кедергілер туындатуда.

Мұндай күрделі кезеңде бәсекеге қабілеттілікті арттырып, экономикалық дамуды орнықты ұстау үшін Президент Н. Назарбаевтың бастамасымен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын. Бағдарламаның мақсаты - бірыңғай экономикалық нарықты қалыптастыру арқылы Қазақстанның ұзақмерзімді экономикалық өсімін қамтамасыз ету. Бұған тиімді инфрақұрылымдарды хабтық принцип негізінде қалыптастыра отырып, еліміздің макроөңірлерін интеграциялау жолымен, сондай-ақ, сыртқы рынокта конъюнктураның нашарлаған жағдайында экономиканың жекелеген секторларын қолдау жөніндегі дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру арқылы қол жеткізуге болады.

Елбасы айқындаған бағдарламадағы басым бағыттардың бірі болып табылатын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын дамыту, жылумен-сумен қамту, су тарту жүйелерін жаңғырту міндеттері жоғарыда көрсетілген мақсаттарға толық жауап бере алады.

Жалпылама алғанда, Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық секторы тозушылық пен ысырапқа ұшыраудың аса жоғары деңгейімен сипатталады. Мәлімет бойынша, республикадағы жылу желілерінің орташа тозу көрсеткіші 63%-ды құрап отыр. Бұл ретте оның шамамен 40%-ы немесе 9,6 мың шақырымы толығымен тозған. Соның салдарынан елімізде жылу энергиясының ысырапшылдық деңгейі  орташа алғанда 10,7 млн. Гкал-ға жетуде.

Бұдан бөлек, отандық жылумен қамту желілерінің апаттылық деңгейі де тым жоғары, бұл орташа алғанда 100 шақырымға 200 технологиялық бұзылулардан келеді, ал олардағы жылу «шығындары» да аз емес шамамен - 40%. Сондай-ақ 2015 жылы орталықтандырылған сумен қамту жүйелеріне қазақстандықтардың қолжетімділік үлесі 86%-ды құраған болатын. Ауылдық жерлердегі бұл көрсеткіш 50,3 % болды. Бүгінгі күні орталықтандырылған су тарту жүйелеріне қалалықтардың қолжетімділігі 81%-ды, ауылдық жерлерде - 11%-ды құрайды.  Ал жалпы ұзындығы 65,1 мың шақырымды құрайтын су құбырлары желілерінің 16 мың шақырымы ауыстыруды қажет етеді. Жалпы ұзындығы 15 мың шақырымды құрайтын кәріз желілерінің үштен бірі немесе 5,6 мың шақырымы да ауыстырылуы тиіс. Сонымен қатар, бүгінгі таңда жылумен, сумен қамту және су тарту жүйелерін жаңғырту үшін шамамен 2 трлн. теңге инвестиция тартылуы қажеттілігі айқын болып отыр.

Айта кетерлігі, бұған дейін Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамытуға қаражат республикалық бюджеттен трансферт ретінде бөлініп келген болатын. Сонымен қоса, өткен жылдар ішінде осы салаға бағытталған инвестицияның кезең-кезеңімен арттырылып отырғаны белгілі. Мәселен, 2013 жылы осы мақсаттарға республикалық  бюджеттен 196 млрд. 274 млн. 837  мың теңге бөлінсе, 2014  жылы - 245 млрд. 911 млн. 067 мың теңге жұмсалды. Бұл қаражаттың 90 %-дан астамы нысаналы болып табылады.

«Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес, 2015 жылдан бастап жылумен, сумен қамту және су тарту жүйелерін жаңғырту саласындағы жобаларды қаржыландыру негізінен бюджеттік несиелер мен субсидиялар, Халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздары және  басқа да көздерін тарту үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан республикалық бюджетке нысаналы трансферт аудару есебінен жүзеге асатын болады. Сонымен қатар, 2015 жылдың бюджетінде салалық жобаларды несиемен қамтамасыз етуге 60 млрд теңге бөлу қарастырылса, бұл 2016 жылы - 90 млрд. теңгені құраса, ал одан кейінгі жылдары әр жыл сайын 100 млрд. теңгеден кем болмайтын қаражат қарастырылатын болады.

Жобаларды Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры қаражаты есебінен республикалық бюджет арқылы қаржыландыру бюджеттік несиелеу механизмі арқылы жүзеге асады. Бұл ретте қарыз алушылар жергілікті атқарушы органдар болса, жобаның түпкі  заемшы-атқарушылары ТКШ саласындағы кәсіпорындар, ал олардың агенті «ТКШ ҚазОрталық» АҚ болып табылады.

Тұтастай алғанда, жобаларды қаржыландырудың бұндай  нұсқасы оңтайлы болып табылады әрі бірқатар тиімді жағдайларды туғызатыны да күтіледі. Мәселен, біріншіден, оған жұмсалған қаражаттың қайтымдылығы қамтамасыз етіледі. Екіншіден, табиғи монополиялар субъектілері өздерінің ақша қаражаттарын басқару деңгейін  жоғарылатып, қаржылық сауаттылықтарын артырады. Үшіншіден, табиғи монополиялар субъектілері өздерінің жұмыстарында міндетті түрде сапа стандарттарына ауысып, жобалық басқару тәсілдерін енгізулеріне тура келеді. Төртіншіден, қайтарылған қаражатты тура осындай механизммен салаға қайта бағыттауға болады.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын басқарудың тиімді құралы болып табылады. Осыған байланысты ерекше атап өтерлік жайт, бюджеттік несиелеу аясында қалыптасып жатқан жағдайлар ТКШ саласында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктерін енгізуді одан әрі жүзеге асыруға кеңінен мүмкіндік ұсынатын болады. 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар