Әлеуметтік жәрдемақы алушылардың еңбек етуге деген ынтасы қамтамасыз етілуі керек. Бүгін Парламент Мәжілісінде талқыланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша түсінік берген депутат Гүлнәр Сейітмағанбетова осылай мәлім етті. Бұл туралы Қамшы порталы Қазақпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
«Бүгінгі заң жобасы Елбасының тапсырмасына, соның ішінде бес институционалдық реформа аясында жүктелген тапсырманы орындауға бағытталады. Бұндағы басты мәселе - қазіргі күні еліміздегі азаматтар мемлекет тарапынан көптеген жәрдемақыларды, атаулы көмектерді алып келеді. Осының бәріне азаматтар көптеген құжаттар жинайды, сосын ол құжаттардың әрқайсысы әртүрлі атаумен аталады. Осының бәрін біріктіріп, жәрдемақы алушылардың жұмысы оңайлатылады. Екіншіден, Елбасы айтып жүрген мәселе - жәрдемақы алатындардың еңбек етуге деген ынтасын қамтамасыз ету», - дейді депутат. Оның айтуынша, заң жобасында қарастырылғанындай, ендігі күні атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар егер еңбекке қабілетті болса, онда олармен әлеуметтік келісімшарты жасалады. Бұл бойынша аталған азамат жұмыспен қамтылып қана қоймай, медициналық көмектер де қамтылады. Мәселен, ондай азамат нашақор немесе ішкілікке салынған болса, онда тегін медициналық көмек ретінде емделуге мүмкіндік беріледі.
«Егер еңбек етуге қабілетті азамат келісімшарт бойынша мемлекет ұсынып, оған тауып берген жұмыстан бас тартса, онда оның әлеуметтік жәрдемақысы тоқтатылады. Тек балаларына ғана төленеді», - деді Г. Сейітмағанбетова.
Депутаттың сөзіне қарағанда, заң жобасында әлеуметтік көмектер алып келе жатқан азаматтарға қаржылық жағынан мемлекеттік қолдауды қарастыра отырып, еңбекке қабілеттілердің ынтасын арттыру идеологиясы көрініс табады.
Пікір қалдыру