Жұмыс берушілер Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 2017 жылдан бастап еңбекақының 2 пайызын аудара бастайды. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң жобасы бойынша баяндаған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті. Бұл туралы Қамшы порталы Қазақпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының медициналық сақтандыру жүйесін енгізу туралы тапсырмасына орай әзірленген. Бұл ретте заң жобасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жеке және қоғамдық денсаулық үшін мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың ынтымақты ортақ жауапкершілігі тетігін енгізуге, денсаулық сақтау саласында қазіргі заманғы нарықтық тетіктерді қамтуға бағытталған.
«Азаматтарға көрсетілетін медициналық көмектің екі пакеті белгіленіп отыр. Оның біріншісі, базалық пакет немесе мемлекет тарапынан кепілдендірілген медициналық көмек. Бұл пакет азаматтардың конституциялық құқығын қамтамасыз етуді көздейді және толықтай республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Сондай-ақ бұл көмек түрлері Қазақстанның барлық азаматтары мен оралмандары үшін қолжетімді болады», - дейді министр Тамара Дүйсенова.
Екіншіден, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен қаржыландырылатын қосымша пакет көзделеді. Бұл базалық пакетке кірмейтін қосымша медициналық көмек түрлерін қамтиды.
«Қосымша пакет тек міндетті Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушы азаматтарға тиесілі болмақ. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мемлекеттің, жұмыспен қамтушының және жұмыс берушілер мен өзін-өзі еңбекпен қамтыған азаматтардың міндетті сақтандыру төлемдерінен құрылатын болады. Бұл ретте жұмыс берушілер өз жұмысшылары үшін еңбекақы қорынан бес пайыз, жұмысшылар 2 пайыз, өзін-өзін еңбекпен қамтамасыз етушілер көрсетілген табысынан 7 пайыз жарна төлейтін болады. Қазіргі экономикалық жағдайға байланысты жарналар 2017 жылдан бастап біртіндеп өседі», - дейді Т. Дүйсенова.
Министрдің сөзіне қарағанда, міндетті төлемдерді шоғырландыру үшін коммерциялық емес акционерлік қоғам нысанында әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылады. Бұл ретте жұмыс берушілердің аталған Қорға төленуге жататын аударымдарының мөлшері 2017 жылғы 1-қаңтардан бастап аударымдар есептелетін объектінің - 2 пайызын, 2018 жылдан бастап - 3 пайызын, 2019 жылдан - 4 пайызын, 2020 жылы 5 пайызын құрайды. Ал жұмысшылардың қорға аударатын төлемдері 2019 жылдың қаңтарынан бастап - 1 пайызын, 2018 жылдан бастап 2 пайызын құрамақ.
Пікір қалдыру