Қазақстанда электрондық темекіге тыйым салынуы мүмкін

/image/2022/04/13/crop-10_5_434x771_vejp.jpeg

Денсаулық сақтау министрлігінің байламынша, Қазақстанда "электрондық тұтыну жүйелерінің" (ЭТЖ), вейптердің таралуы және пайдаланылуы "эпидемия сипатына ие". Себебі, олар бақылаусыз сатылады, әрі бағасы да жасөспірімдерге мейлінше қолжетімді. Қынжылтатыны сол, электронды сигареттер, вейптер жастар арасында сәнге айналды, деп жазады inbusiness.kz.

Министрлік анықтағандай, бұл проблеманы бірнеше фактор ушықтырып жатыр. Біріншіден, ол аумақтық тұрғыдан қолжетімді: ЭТЖ-вейптер әрбір дерлік ірі азық-түлік дүкенінен табылады, сауда орталықтарының кіреберісінде көбіне келушілерді осы өнім сатылатын стендтер мен дүңгіршектер қарсы алады.

Екіншіден, олар арзан тұрады: бір вейптің құны 2 мың теңгеден аспайды: 1 девайстың бағасы орта есеппен 1 700 теңгеден. Салдарынан, оны жастардың, оқушылардың тұтынуы "геометриялық прогрессияда" өсіп барады. Мәселен, соңғы 6 айда ЭТЖ-вейптердің саудасы 372%-ға артқан. Әлеуметтік зерттеу барысында бұл өнімді тұтынушылардың негізгі бөлігі 21-ге толмаған жастар екені әшкереленген.

Үшіншіден, саудагерлердің көбі құқықтық нигилизм танытып, темекі атаулыны ашық сатуға тыйым салатын заңнама талаптарын аяқасты етеді: бұл өнімдерді ашықтан ашық паш етеді. Балаларға да сата береді. Нәтижесінде, шымылдырық ішіне жасырылатын темекі өнімдеріне қарағанда адамдар үшін енді сыртқы қабы көз жауын алатын вейптер анағұрлым тартымды көріне бастады.

Төртіншіден, ЭТЖ-вейптердің елге бақылаусыз әкелінуі жолға қойылыпты. Бесіншіден, өндірушілер өз өнімінің шынайы құрамын қасақана жасырады, онда улы заттардың, тіпті никотиннің барын атап көрсетпейді. Мұның бәрі ЭТЖ-вейптерге толық тыйым салуға негіз бола алады:

"Осыған байланысты вейптердің айналымына толық тыйым салу – мүмкін болатын жалғыз реттеу тетігі болып есептеледі" деген тоқтамға келді ДСМ.

Мұндай тыйым Денсаулық кодексіне түзетулер енгізетін "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" ҚР Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасында қарастырылған.

Басылым заң жобасы күшіне енуі үшін алда үкіметке осы өнімді өндірушілердің, импорттаушылардың лоббиін және дау-жанжалын еңсеріп, парламентте қорғап шығу қажет болатынын жазады.

Мамандардың мәліметінше, вейп секілді өнімдерді тұтыну адамның жүйке жүйесіне және эндокринді жүйесіне теріс әсер етеді. Халықаралық түрлі зерттеулер көрсеткендей, жас адамдар никотинге тез тәуелді болып қалады. Бұл зат олардың бас миындағы қосылыстардың өзгеруіне соқтыруы мүмкін, салдарынан есейе келе биполярлы бұзылу, депрессия және басқа да психикалық дерттерге шалдығады. ЭТЖ-вейптер жасөскіндердің өкпесін қандай қорқынышты күйге жеткізетіні бейнеленген роликтер, зерттеу нәтижелері интернетте жетерлік.

АҚШ-тың Берклидегі Лоренс атындағы ұлттық зертханасының мамандары осы электронды сигареталарды шегу кезінде адам бойына 31 қауіпті зат даритынын әшкереледі. Бу тудыру үшін құрылғының аккумуляторын қыздырған кезде аты жаман ауруға соқтыратын концерогендік заттардың шоғырлануы айтарлықтай артады.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар