Ресми Кремль Украинаға соғыс ашқалы Ресейден көптеген алпауыт автоөндіріс саласындағы компаниялар кетіп қалды. Ресей үшін есігін жапқан компанияларға Қазақстан нарыққа есік бола ала ма? Оған автоөндірістегі алпауыттар мүдделі ме? Бұл – көлік бағасына қалай әсер етеді, осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
Ресейге салынған санкция, оның Қазақстанға салқыны
Ресей агрессиясына жауап ретінде алғашқылардың бірі болып Audi жұмысын тоқтаты. Одан кейін, BMW, Mini, Cadillac, Chevrolet, Chery, Ford, Geely, Haval, Honda, Jaguar, Land Rover, Toyota, Lexus, Mazda, Nissan, Porsche, Škoda, Volkswagen және Volvo Ресейдегі дилерлеріне көлік жіберуді доғарды.
Бірақ Geely, Haval және Қазақстанның автонарығы үшін маңызды саналатын Toyota және Lexus сияқты компаниялар Ресейде көлік сатуды тоқтатпайтынын мәлімдеп, шектеу логистика желісі бұзылғанына және валюта бағамының тұрақсыздығана байланысты екенін жеткізді.
Қара тізімді автокөлік өндірісімен қатар, мотоцикл кәсіпорындары жалғады. Ресейге техника жеткізуді тоқтатқандардың қатарында Honda мен Harley-Davidson бар.
Автокөлік зауыттарының да қызметі шектелді. Тізімді: BMW (Калининград), Ford (Мәскеу), және Nissan (Санкт-Петербург), Volkswagen (Калуга) және Škoda (Нижний Новгород) бастап тұр. Ал Санкт-Петербургтегі Toyota, Hyundai, Kia зауыты және Мәскеудегі Renault зауыты қажетті автобөлшектер жетіспегендіктен жұмыстарын тоқтатқан.
Санкция салған көлік компаниялары негізгі бөлігінің Қазақстанмен тікелей байланысы болмаса да Ресейдегі ахуал елге әсерін тигізбей қоймады. Мәселен, соғыс басталғанға дейін 428 теңге болған бір доллар құны 11 наурызда 510 теңгеден асқан сәтте, Қазақстандағы автокөліктердің бағасы шарықтай түсті. Мысалы, автосалондарда Toyota Camry 11 пайызға қымбаттаса, Volkswagen Tiguan-ның кей нұсқасы бірден 4.1 млн теңгеге дейін өскен.
Мұнымен қоса жүрілген, ескі көліктердің бағасы да бірден көтеріліп кетті. Айталық, көлік сататын сайттар мен мобильдік қосымшалардан 2001-2006 жылдары шыққан Toyota Camry XV 30 (V35) үлгілерінің бағалары орташа есеппен алғанда 5.5 миллион теңгеден басталатынын, кейбірі 7 миллион теңгеден асып жығылатынын байқауға болады. Бұл – алдыңғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.
Сарапшылар не дейді?
Автоөндіріс сарапшысы, "Ортақ жол" жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығын жетекшісі Әрсен Шакуов өндірушілерді тартуда Қазақстанның мүмкіндіктерін оң бағалап отыр.
– Ресейден кеткен автокөлік кәсіпорындары зауыттарын Қазақстанда ашуы мүмкін бе? Қазақстан әлемдік компаниялар үшін тартымды бола ала ма, олардың сенімін ақтай ала ма?
– Олар бұл мәселені мұқият қарастыратыны түсінікті. Меніңше, олар санкцияға ұшыраған бизнестерінің дамуы үшін Қазақстан нарығына шығуы ғажап емес. Өйткені бұл салада Қазақстан өзін таныта алды. Қазақстандық нарықта Hyundai, Kia, Renault сияқты әлемдік брендтер құрастырылып, шығарылады. Қазір "сенімді ақтау" деген сөз жоқ деп ойлаймын. Керісінше, автокөлік шығаратын зауыттарды кеңейту мәселесі басты назарда.
– Олар қандай стандарттарға, критерийлерге қарайды? Шетелдік кәсіпорындар үшін Қазақстан қаншалықты тиімді?
– Белгілі бір нарықта автокөлікті пайдалану үшін қажетті барлық халықаралық стандарттар мен критерийлер ескеріледі. Мысалы, Еуразиялық одақтың өзінің техникалық регламенті бар. Мұның бәрі ескеріліп, көлік стандарттар шеңберінде шығарылады. Себебі, біріншіден, қауіпсіздік қамтамасыз етілуі керек. Екіншіден, стандарт пен сапа – бүгінгі күннің басты нормасы.
Әрине, Қазақстан – инвесторлар үшін тиімді. Өйткені, логистика қысқарады, тасымалдау оңайырақ бола түседі. Иә, логистикалық шығындар алынады, сонымен қатар кедендік төлемдер және тағы басқалары бар. Бұл әр ел қоятын кедергілер. Бірақ Еуроазиялық одақ аясында бізде өз ережелеріміз бар. Бұл – инвесторлар үшін тиімді, өйткені олар, инвестицияларын қайтара алады. Көлік өндірісі қалай болғанда да, халық арасында сұранысқа ие болуы керек.
– Қазіргі таңда жаңа көліктерге сұраныс көп пе? Көлік бағасын кім қояды?
– Тұтынушылардың сұранысы жоғары. Баға көтерілмеуі керек, оны өндірушілердің маркетингтік ұйымдары қамтамасыз етеді. Яғни, көліктер бізде құрастырылғандықтан, біз диллер ретінде бағаны көтере алмаймыз. Яғни, өндірушілер автокөліктерді шығарады, болды. Бұл тұрақты баға. Сұраныс жоғары болса да, олар тек құрастыру жылдамдығын арттырады, бірақ бағаны емес. Өйткені ондай шешімдерді жоғары штаб қабылдайды.
– Ресей азаматтары қазақстандық жүрілген көліктерді жаппай алып жатқаны жайлы ақпараттар бар. Бұл өзіміздегі көлік бағасына қаншалықты әсер етеді?
– Бұл шындыққа жанаспайды. Иә, ресейлік тұтынушылар тарапынан сұраныс бар. Дегенмен, нарықтан қазақстандықтарды ығыстыратындай ауқымда емес. Автокөліктер жеткілікті және бұл бағаға еш әсер етпейді.
– Қазақстанда автонарығын қандай өзгерістер күтіп тұр? Көлік бағасы арзандай ма?
– Егер Ресейден кеткен компаниялар Қазақстанға келетін болса, еліміз көлік нарығы қалыптасқан посткеңестік мемлекеттердің орталығына айналады. Яғни, қырғыздар, өзге көршілеріміз, тіпті Ресейдің өзі бізге көлік сатып алу үшін келеді. Мұның бәрі орындалса, біз автокөлік саласы дамыған қуатты елге айналамыз. Бұл – менің жеке ойым. Ал көлік бағасына келсем, білесіз бе, көлік бағасы жанармай бағасы сияқты. Мен жанармай бағасының төмендегенін ешқашан көрген емеспін. Демек, көліктің бағасы да арзандамайды. Өйткені бұл үрдіс бүкіл әлемде жүріп жатыр. Жалпы жаһандық үрдістерге байланысты бағаның 10-15 пайызға өсуін күтуге болады. Коронавирус пандемиясы, автокөлік бөлшектеріне байланысты баға тағы өзгеруі мүмкін.
Рүстем Айткәрім
Пікір қалдыру