Тоқаев референдумға байланысты үндеу жолдады

/image/2022/06/03/crop-10_14_441x785_16539786193mdi0_1000x768.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 маусымда өтетін референдумға қатысты үндеу жасады. Ол референдумның негізгі мақсатына тоқталып, ықпалды парламенті бар президенттік республика үлгісіне біржола көшу керектігін айтты. 

 
– Біз қазір барлық саланы жаңғыртуға кірісіп кеттік. Осы жолда мемлекетті басқару үлгісін түбегейлі өзгерту қажеттілігі туындады. Сол себепті мен наурыз айындағы жолдауымда саяси жаңғырудың ауқымды бағдарламасын ұсындым. Оның басты мақсаты – елімізді одан әрі демократияландыру, халықтың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту, сондай-ақ үкіметтің тиімділігін арттыру. Бұл өзгерісті толық жүзеге асырсақ, ықпалды парламенті бар президенттік республика үлгісіне біржола көшеміз. Конституциялық реформа адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін барынша күшейтеді. Сонымен бірге, еліміздегі саяси бәсекенің әділ және ашық болуын қамтамасыз етеді. Біз Ата Заңымыздың 30-дан астам бабына өзгеріс енгізгелі отырмыз. Оның бәрі азаматтарымыздың мүддесіне толық сай келеді. Осылайша, мемлекетімізді түбегейлі жаңғыртамыз. Сол арқылы екінші республиканың негізін қалаймыз, – деді Тоқаев үндеуінде.
 
 
Билік осы 12 тармақтан тұратын өзгерістер пакетіне "Жаңа Қазақстанды" құруға бағытталған саяси реформа, президенттің құзыретін шектеп, парламентті күшейтетін қадам деген мазмұнда баға беріп жатыр. Алайда мұндай мәлімдемелерге қарсы уәждерін айтып жатқан сарапшылар аз емес. Тіпті түзету мәтініне қарап-ақ, президент құзыретін шектейтін баптар көп еместігін, басым функциясы өзгеріссіз қалып, тіпті кей тұста күшейетінін аңғаруға болады.

43-баптың 3-тармағындағы "Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауға тиіс" деген өзгеріске тәуелсіз сарапшылар екі ұдайы баға береді. Қазақстанда президент сайлауына кандидаттар тек саяси партия немесе ұйым атынан ғана ұсынылатындықтан, президенттің партияда болмауы, өзінің билікке келуіне жағдай жасаған партиядан, топтан толықтай қол үзетінін білдірмейді дейді олар.

Ал 44-баптың 4-тармағы тіпті президенттің құзыретін кеңейте түседі. Оған сай, президент сенат келісімін алып, Конституциялық соттың төрағасын, Ұлттық бан­к, Жоғары сот кеңесінің төрағаларын, Бас прокурорды, Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің төрағасын тағайындау, орнынан алу құзыретін иеленеді. Аталған тармақтың бұрынғы редакциясында президентте Конституциялық сот (бұрынғы кеңес - ред) пен Жоғары сот кеңесінің төрағасын тағайындау, орнынан алу құзыреті болмаған.

Сондай-ақ президент Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен екі мүшесін, Жоғары аудиторлық палатаның (бұрынғы есеп комитеті) төрағасы мен үш мүшесін тағайындау (44-баптың 7-тармағы), мемлекеттік кеңесшіні тағайындау (44-баптың 19-тармақшасы), облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімін тағайындау (87-баптың 4-тармағы) құзыреттерін сақтап қалғалы отыр.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар