Жалпы білім беретін мектептердегі үш тілді оқыту бағдарламасына өзгеріс енеді. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов nur.kz басылымына берген сұхбат барысында айтты.
Министрдің сөзінше, енді балалар үш тілді кезең-кезеңімен үйренетін болады.
– Бастауыш мектепте тілдерді оқыту туралы қабылданған шешімнің тиісті ғылыми негіздемесі бар. Бұдан қандай да бір себеп іздеудің қажеті жоқ. Бұл – тек ғылым, дидактика. Бала бірінші сыныпқа келгенде бірден үш тілдің – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің әліппесін бастайды. Ал бұл алты жасар балаға өте ауыр. Біз соңғы жылдары мониторинг жүргізе келе, басқа шешім қабылдау қажеттігін көрдік. Жаңа оқу жылынан бастап мемлекеттік тілде оқитын балалар алдымен қазақ, яғни ана тілін меңгереді. Олар оқу мен жазуды үйреніп алған соң ғана екінші сыныпта орыс тілін үйренсе, әлдеқайда жеңіл болады. Ал үшінші сыныпта латын қарпіндегі үшінші тілді меңгеру одан да жеңіл болады. Бұл біздің ұсыныстарымыз, алдағы уақытқа қойған жоспарларымыз, – деді министр.
Пікір қалдыру