– Алдымен йога деген не деген сауалдан бастайықшы? Қашан, қайда пайда болған?
– Йога – адамның тән, жан, сана деңгейінде үндестікті сақтай алуы. Тән яғни дене деңгейінде нақты жаттығулармен (йогада оны «Асандар» деп атайды), жан деңгейінде «дәл осы жерді, дәл осы сәтті сезінумен», сана яғни ми деңгейінде медитациямен байланыстырылады. Йога осыдан бес мың жыл бұрын Үндістанда пайда болған делінеді. Қазіргі уақытта йога батыста танымал болып, индуизм (концептуалдық идеясы буддизмге өте ұқсас Үндістандағы діндердің бірі – ред) теорияларына негізделген пәнге айналды, бірақ физикалық жаттығуларға көп көңіл бөлінеді. Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі заманғы йога – адамның интегралды тепе-теңдікке жетуіне бағытталған жаттығулар жүйесі деуге болады.
– Йоганы дінмен байланысты деп түсінетіндер бар. Өзіңіз де индуизм теориялары туралы айтып отырсыз. Йоганың қайдайда бір дінге қатысы бар ма?
– Буддизм діні йоганы өзіне жақындастырып алған. Бірақ йога ілім болып саналады. Оның дінге, сенім негіздеріне қатысы жоқ. Йога студияларында уағыз-насихат жүргізілмейді. Оны спорттың бір түрі ретінде қарастырған дұрыс. Ол жерде тек дене және тыныс алу жаттығулары үйретіледі. 2014 жылы БҰҰ 21 маусымды халықаралық йога күні етіп белгіледі. Бұл – йоганың дінге байланысы жоғын білдіреді. Өйткені бұл ұйым дінді насихаттамайды және де дінге қатысты болса халықаралық деңгейде тойланбайтын еді деп ойлаймын.
– Йоганың мақсаты мен миссиясы қандай?
– Мақсаты – адамның өмір сүру стилін жеңілдету, оңайлату, үндестікке келтіру. Тән мен жанның үйлесіміне жету, денені шынықтыру арқылы жан саулығы мен сергектігін жетілдіру. Миссиясы – осыларды күнделікті өмір стиліне айналдыру. Ол үшін позициялар тізбегі асанмен ұсынылады, тыныс алу жаттығуларының практикасы пранаямамен үйлеседі.
– Йога түрлері көп деп жатады, олар қалай бөлінеді, бір-бірінен айырмашылығы неде? Сонымен қатар қазақша йоганың да ерекшелігін атап өтсеңіз?
– Әлемде көп танылған йоганың түрі хатха-йога деп аталады. Адамның денсаулығын сақтайтын негізгі жаттығулар жиынтығынан тұрады. Теріге, бұлшық етке пайдасы зор. Денені төзімділікке үйретеді және серпімділікке баулиды. Бір ерекшелігі, бұл йогадағы кей жаттығулар қазақтың отыру әдебіне ұқсайды. Соның ішінде біздегі ер азаматтардың малдас құрып отыруы мен қыздардың аяғын жинап отыруының өзі хатха-йогада жеке асаналар болып саналады. Аштанга-йога деген түрі күшке негізделеді. Бірінен соң бірі орындалатын ережелерден тұрады, яғни жаттығудың орнын ауыстырып жасауға болмайды. Талабына сай орындау керек. Маған ең ұнайтын йога түрі – Виньяса йогасы. Жоғарыда атап өткен йога түрлерінің жаттығуларын бір-бірімен байланыстырады. Виньяса йогасы гармонияға толы болады, билеп жатқандай сезінесіз. Бұлар Йоганың негізгі түрлері. Жалпы осыдан кейін біртіндеп басқа түрлері пайда бола бастады. Айра йогасы – аспалы арнайы гамактармен ұйымдастырылатын йога, Хот йога – арнайы ыстық бөлмеде өткізілетін йоганың түрі, Инь йога деп аталатын түрі гармондардың жұмысын жақсартуға негізделген. Айырмашылықтары кім негізін қалағанында, мақсатының бөлек болуында деп топшыласақ болады.
– Йоганың пайдасы қандай? Ал зияны бар ма?
– Негізгі пайдасы – адам болмысын құрайтын, сана, дене, жан деңгейін, үндестікті сақтау. Осы үндестіктерді сақтау саналы ойлау, саналы іс-әрекеттерді жасау, осы сәтті сезіну процестеріне жол ашады. Нақты пайдасы туралы айтар болсам, жастарға, дене бітімін әсем еткісі келіп, майысқақ, сұлу формаға ие болғысы келетіндерге, арықтаймын деген жандарға пайдасы мол. Қандай да бір дене аурулары болса, жайсыздық сезінсеңіз, буын аурулары мазалап, бүкірейіп жүрсеңіз йогамен айналысу керек, Ойыңыз шашыраңқы, ылғи ұмытып жүретін, шаршап тұратын болсаңыз, іске жан-тәніңізбен кірісе алмасаңыз, йога көмектеседі. Қалың ой, уайым-қайғыдан арылуға септеседі. Бастысы – фокус қоюды үйренесіз, денеңізді сезініп үйренесіз, жаныңыздың қажетін дәл табасыз.
Ал зиянын көрген емеспін. Алайда қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды. Йога туралы білмей, кілемшені төсей салып жаттығуға кірісіп кетуге болмайды. Әуелі арнайы мамандардан ақыл-кеңес алып, олардан жаттығу түрлерін, тыныс алу жолдарын үйрену керек. Мысалы, омыртқасы ауыратын адамдарға йоганың барлық түрлерімен айналысуға болмайды, инструктормен бірге жасау керек, ескерту қажет. Кей адамдар асығыстықтан бірден йоганың жоғарғы деңгейіндегі жаттығу – шпагатқа отырғысы келеді. Әрине, бұл дұрыс емес. Соның салдарынан бұлшық ет ауырып, сіңірді созып алу қаупі туындайды. Денеге қатты ауыртпалық, қысым түседі.
– Йогамен жасқа, жынысқа қарамастан айналыса беруге бола ма?
– Иә, йога жас, жыныс талғамайды. Йогамен айналысқан адамның дені сау, өмір жасы ұзақ, гармониямен үйлесім табады. Қазір ТМД елдерінде балаларға арналған йога да шығып жатыр.
– Соңғы уақытта йогадағы Садху терепиясы, яғни шегеге тұру терапиясы жиі жарнамаланып жүр. Осы жөнінде айтып берсеңіз? Бұл терапия несімен құнды?
– Садху терапиясы менің авторлық методикама негізделген, біздің ел бойынша ол сабақты бойынша менде ғана лицензия бар. Қазір шеге терапиясын өтіп жүргендер баршылық. Бірақ менің терапиямның олардікінен айырмашылығы орасан зор. Менікі садху бойынша алған 7 жылдық білімімнен, одан бөлек мидың жұмысына негізделген ғылыми жұмыстардан тұратын, 800-ден астам адамдарға анализ жасап, соның нәтижесінде менталитет, ұлттық кодты қоса жасалған толықтай оқыту курсы. Адамның табанында 70 мыңнан астам жүйке нүктесі бар. Соларға массаж жасағанда қан айналымы жақсарады, гормондар қалпына келеді, ұйқы безі, бүйрек үсті безінің жұмысы жақсарып, ол барлық сезім мүшесінің жұмысына оң әсер етеді. Түрлі шеберлік сыныптарына қатысқанда ұстаздарымыз йога 500-ден астам ауруға ем екенін айтатын. Себебі, көп ауру қан айналымының дұрыс болмауынан туындайды. Бізде бір кейс бар. Қант диабетімен ауыратын кісі осы терапияның арқасында қандағы қант мөлшерін 12-ден 5-ке дейін түсірген.
– Өзіңіз Йогаға қалай келдіңіз? Йога сізге не берді?
– Йогамен осыдан 7 жыл бұрын айналысып бастадым. Ол кезде орыс студиясына қатыстым, кілең орыс ұлтымен бірге жаттықтым. Ең басында бірден үйренісе алмадым, кірісе алмадым, кейбір айтылған сөздерді терең зерделей білмедім. Бірдіндеп үздіксіз жаттығу арқылы йогаға сүйіспеншілігім ояна бастады. Бір айда адам негізі үйренісіп алады. Себебі денеңіз йоганы қалап тұрады. Адамды рахаттандырып, ләззат сыйлайтын нәзік, икемді жаттығулардан соң барғыңыз келіп тұрады. Содан ТМД бойынша онлайн, офлайн форматта білім ала бастадым. 2019 жылы 200 сағаттық йога сабағын алдым. Нью-Йорктен (йога Альянсы) халықаралық йога білімі бойынша арнайы сертификат иесі атандым. Сабақ кезінде йоганың бүге-шүгесіне дейін тереңдетіп оқыдым. Қазір 300 сағаттық йога сабағының маманымын. Осы орайда сіздермен қуанышты жаңалықпен бөлісейін деп отырмын. Жақында Балиде йога фестивалі өтейін деп жатыр. Мен көк байрағымызды желбіретіп еліміздің атынан сол фестивальге қатысайын деп жатырмын. Қазіргі уақытта Балиде білім алып жатырмын. Йога туралы білімімді жан-жақты саралап, толықтырсам, білімім жоғары деңгейге көтеріледі. Яғни, 500 сағаттық білімі бар деген сертификаттың иегері атанамын. Сертификатты Йога Альянсы табыстайды. Ол АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында орналасқан. Бұйыртса оқуды бітірсем, 500 сағаттық «Халықаралық йога мұғалімі» деген атаққа ие боламын. Йога мен үшін үндестікті берді. Үндестікке жеткенде адам сүйікті ісін табады. Ал сүйікті ісін тапқан адам бақытты өмір сүреді.
– Өзіңіздің ISoul-Мен+Жан орталығыңыз туралы айта отырсаңыз...
– Қазақ тілінде жұмыс істейтін біздің орталық халықаралық йога стандартқа негізделген. Оның үстіне қазақша йоганы қазақша ойланатын миымыз жақсы сезінеді. Орталығымызға орыстілді қазақтар да көптеп келеді, алайда біз таза қазақша түсіндіреміз. Бұны ана тілімізге, Отаныма қосып жатқан елеулі үлесім, жемісті жетістігім деп білемін! Мүмкін көп көрген шығарсыздар, йогада лотос позасы бар. Аяқты бір-біріне айқастырып отырады. Сырттан қарасаңыз бұл шексіздікті білдіреді. Сондықтан йога шексіздік деп орталығымыздың эмблемасын солай бейнеледік.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Шуақ Қайратқызы
Пікір қалдыру