«AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясы Жетісу облысында болды. Көшпелі кеңес қорытындысы бойынша, өңірде 41 мың гектардан астам жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.
Комиссия мүшелері – партия хатшысы Дәулет Кәрібек, заңгер Бақытжан Базарбек, «AMANAT» партиясының атынан сайланған Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов Кербұлақ, Ескелді және Көксу аудандарының тұрғындарымен кездесіп, жер қатынастары саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Партия хатшысы Дәулет Кәрібек аталған жұмыс еліміздің барлық өңірінде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев игерілмей жатқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы нақты тапсырма берді. Президент айтып өткен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету мәселесі «AMANAT» партиясының негізгі басымдықтарының бірі саналады. Әрбір ауыл тұрғынының пікірін ескеруге тырысамыз және жайылымдық жерлер әділ бөлінуі үшін барымызды саламыз», – деп атап өтті Дәулет Кәрібек.
Өз кезегінде, Лабазы ауылының тұрғыны Қизат Абиров бүгінде жайылымдық жерлердің тапшылығы бұрынғыдан да көп сезіліп отырғанын айтты.
«Ауылда тұрып, мал бағып отырғандар үшін бұл бірінші кезектегі мәселе. Көксу ауданында 6 мың гектардан астам жер қайтарылды. Сондықтан осы комиссияның жұмысына үлкен үміт артамыз», – деп толықтырды Қизат Абиров.
Естеріңізге сала кетейік, партия жанынан «Жер аманаты» комиссиясы құрылған болатын. Соңғы бірнеше айда комиссияның күшімен Қарағанды, Жамбыл, Түркістан және Ақтөбе облыстарындағы 160 мың гектардан астам жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Пікір қалдыру