Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары, елдің экс-президенті Дмитрий Медведевтің "ВКонтакте" желісіндегі ресми парақшасында жазылып, ұзамай өшірілген Қазақстанға қарата айтылған басқыншы сөздеріне мәжіліс депутаттары Ерлан Саиров пен Елнұр Бейсенбаев жауап берді.
Қос депутат та оқиғаға байланысты Қазақстан ресми жауап беруі керек деген пікірде.
"Д. Медведев Ресей мемлекетінің ресми тұлғасы. Болған жәйт бойынша Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігі Ресей тарапынан ресми түсініктеме сұрауы қажет. Бұл іс екі ел арасындағы оң қарым-қатынастарға сызат түсіретін қадам. Қазақстан тарабы достық, өзара тиімді қарым-қатынастан айнымайды. Ресми қарым-қатынаста өзара жауапкершілік өте маңызды. Ресми түсініктеме жасау қажет" дейді Ерлан Саиров facebook парақшасында.
Депутат Елнұр Бейсенбаев та осы ойды қостап, Қазақсатнның аумақтық тұтастығына ешкім көз лартуға хақы жоқ екенін жеткізді.
"Ресей мемлекетінің билігіндегі Д. Медведевтің әлеуметтік желідегі жазбасы бойынша ресми түсіндірме жауап берілуі қажет. Бұл істе еліміздің Сыртқы істер министрлігі қырағылық танытуы аса маңызды, әрі міндетті. Егемен еліміз үшін, қасық қаным қалғанша күресемін! Ешкімнің тәуелсіз Қазақстанның территориясына көз тігуге, ал оның тарихын өз пайдасына тәржімалауға құқы да, хақы да жоқ" дейді депутат.
Бұған дейін Дмитрий Медведевтің "ВКонтакте" желісіндегі ресми аккаунтында Қазақстанға қарата басқыншы сөздер айтылған жазба жарияланып, ұзамай өшірілген. Ресей бұрынғы президентінің көмекшісі Медведев мұндай жазба жарияламағанын, оның парақшасын хакерлеп бұзғанын хабарлаған. Алайда қазақстандықтар бұған сенбейтінін, өшірілген жазба бүгінгі Ресей билігінің пиғылын дәл көрсететінін айтады.
Пікір қалдыру