Келесі оқу жылынан бастап мектептер бес күндік жұмыс форматына көшеді. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты.
– Біз мынадай шешім қабылдадық: келесі жылдан бастап үш ауысымда оқытатын мектептерді қоспағанда, еліміздегі барлық мектеп бес күндік жұмыс форматына көшеді. Бұл мектеп директорларына, мұғалімдерге және барлық қызметкерлерге қатысты. Біз мұғалімдер сенбі күні демалып, балаларымен бірге болуы керек деп санаймыз, – деді министр.
Сондай-ақ министр бұл жағдай мұғалімдердің еңбек демалысына әсер етпейтінін, 56 күндік демалыс уақытының өзгеріссіз қалатынын ескертті.
Министр директорлардан сенбі күндері әдістемелік күндер өткізбеуін немесе мұғалімдерді қандай да бір жолмен жұмысқа шақырмауды сұрады.
– Бұл тәжірибені тоқтату керек. Мұғалімдер мен мектеп директорлары бес күн ғана жұмыс істеуі керек. Білім беру бөлімдерінде де, мектепке дейінгі ұйымдарда да, – деді Аймағамбетов.
Пікір қалдыру