Әлеуметтік желілерде ондаған әскери техника тиелген пойыздың видеосы тарады. Видеода Қазақстан Ресейге әскери техника жөнелтіліп жатқаны жазылған. Тіпті мұны Қазақстан мен Ресей президенттерінің арасындағы өзара келісім екені де жазылған.. Алайда, Қорғаныс министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды деп хабарлады Stopfake сайты.
"Ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл қазақстандық техниканы Ресей Федерациясына жіберу барысы емес", – деп түсіндірді министрліктің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ министрлік қазіргі уақытта Қазақстанда ҰҚШҰ-ның бірлескен оқу-жаттығуларына арналған техниканы жөнелту жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады. Оқу-жаттығулар туралы ақпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында жарияланған. Шара 2022 жылғы 26 қыркүйектен 8 қазанға дейін Жамбыл және Алматы облыстарында өтеді. Оған ҰҚШҰ-ның ұжымдық жедел ден қою күштерінің "Өзара іс-қимыл-2022", "Іздеу-2022", "Эшелон-2022" тобы қатысады.
"Осыған байланысты елімізге Ұйымға мүше мемлекеттердің әскери контингенттері келеді. Әскери техниканың қозғалысы теміржол, әуе көліктерімен және дөңгелекті техникамен жүзеге асырылады. Бұл тұрғыда азаматтарды әлеуметтік желілерде таралатын түрлі қауесеттерге ермеуге, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз", – делінген хабарламада.
Пікір қалдыру